Пан Ги Мун: Сирия дағдарысы әскери жолмен шешілмейді
БҰҰ бас хатшысы Сирия дағдарысының әскери жолмен шешілмейтінін баса айтты.
Иран Телерадио ұйымы ақпарат агенттігінің бейсенбі күнгі хабарлауынша, Пан Ги Мун Лондонда «Сирия халқына көмек көрсетуші елдер» деп аталатын конференцияда: «Сириядағы жағдай мәз емес. Мұндай жағдайды жалғастыруға болмайды. Бұл дағдарысты ешбір әскери жолмен шешуге болмайды. Тек жалпыны қамтитын саяси келіссөздер ғана Сирия халқын қазіргі адам төзгісіз азаптан құтқара алады. Сирия және аймақ халқымен бірлестігімізді жариялау үшін осымен төртінші рет осындай отырыста бас қосып отырмыз. Сирия дағдарысы алтыншы жылға созылып бара жатыр. Осы дағдарысты тоқтатудағы қауқарсыздығына байланысты халықаралық қоғамдастыққа ауыр жауапкершілік жүктеліп отыр. БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистураның еңбектері нәтижелі болып, ілгерілеушілік боларына барша үміт артып отыр, бірақ кеше сұхбаттасулар үдерісінде болған уақытша тоқтату келіспеушіліктер мен жіктің қаншама терең әрі күшті екенін көрсетті» деді.