Лариджани: Ислам әлеміндегі бейберекеттік сионистік режимнің мүддесіне сай келеді
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы: «Ислам әлемінде бейберекеттік пен мазхабтық қақтығыстар жасау Құдсты жаулап алған режим мен ислам үмбетінде тұрақтылық, қауіпсіздік пен бірліктің болуына қарсылардың мүддесі мен қауіпсіздігіне сай келеді»,-деді.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Әли Лариджани Пәкістанның Сенат Парламентінің төрағасы Реза Раббаниге көңіл айтқан нота жолдап, осы елдің Лахор қаласында көптеген бейкүнә жандардың қаза тауып, жаралануына әкеліп соқтырған лаңкестік оқиғаны айыптап: «Әсірешілдік пен терроризм қандай формада болса да, ислам дінінің негіздері мен оның ұлық пайғамбарының сүннетіне қайшы келеді. Пәкістанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын аймақ пен ислам әлемі қауіпсіздігінің бір бөлігі деп санайтын ИИР аймақта тұрақты тыныштықты нығайтуға бағытталған кез-келген шараны қолдап, осы жолда әріптестік жасауға дайын»,-деп баса айтты.
Жексенбі күні Пәкістанның Лахор қаласында «Голшан-е Еғбал» саябағында орын алған лаңкестік жарылыс салдарынан кемінде 70 адам қаза тауып, 300-ден аса адам жараланды.