Революция жетекшісі: Ирандағы жуырдағы оқиғаларды Америка, сионистер мен Парсы шығанағындағы бір үкімет ұйымдастырды
Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі Иранда жуырда орын алған оқиғалардың аспектілерін баяндап: «Ақпараттық айғақ-деректер сол оқиғалардың ұйымдастырылғанын, оны жүзеге асыруда бір "үштіктің" белсенді рөл атқарғанын көрсетті» деді.
Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи бүгін сейсенбі күні Теһранның оңтүстігіндегі Құм қаласының мыңдаған тұрғынымен кездесуде Иран халқының құқығына қатысты талап-тілектерін теріс пайдалану үшін дұшпандар ұйымдастырған қастандықтың түрлі аспектілеріне тоқталып: «Жуырдағы оқиғалардың «үштігінің» басында Америка мен сионистік режим болды. Олар жоспар құрып, сол жоспарды бірнеше ай бойы жетілдірген. Сонымен қатар елдегі бейберекеттіктер шағын қалалардан басталып, орталыққа жетеді деп ойлаған. «Үштіктің» екінші жағында жоспардың қаржысын қамтамасыз еткен Парсы шығанағындағы бір бай ел тұрды. «Үштіктің» үшінші тарабында «Монафеқин» лаңкестік ұйымына тәуелді жалдамалы күштер орналасты. Олардың Иранға енгеніне көп ай болған» деді.
Хазірет аятолла Хаменеи дұшпандардың БАҚ-да жарияланған кейбір сөздерге сілтеме жасап: «Дұшпандар ұйымдастыру жұмыстары мен операциялар үшін Иранмен көршілес жерден басқаратын екі база құрған. Базаның бірі операцияларға жетекшілік ету үшін интернет кеңістігінде құрылды. Екінші база бейберекеттіктерге басшылық етті. Екі база да америкалықтар мен сионистер арқылы басқарылып, өздерінің жеңіске жететіндіктеріне сенімді болды» деді.
Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі елді бүлікке шақырған үндеулерге тоқталып: «Сол үндеулерде «Қымбатшылыққа жол жоқ!» деген ұран айтылды. Бұл көп адамды өздерінің қатарына тарта алатын ұран болды. Басында біраз адам оларға ілескенімен олар мақсат пен ұрандардың өзгергенін көре салысымен өздерінің саптарын дұшпандардан бөліп алды» деді.
Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі Америка басшылығына қаратып: «Біріншіден, жуырдағы оқиғаларда сіздер жеңілдіңіздер. Егер келешекте қайталайтын болсаңыздар, тағы жеңіліске ұшырайсыздар. Екіншіден, осы бірнеше күнде Иранға шығын келтірдіңіздер. Бұл істің өтемақысы болады. Үшіншіден, әрекеттер жауапсыз қалмайды.
Табандылық пен «халық халыққа қарсы», «Иран Иранға қарсы», «Ислам исламға қарсы» деген соғыс өткен 40 жылдағыдай жалғасады. Бірақ, дұшпанның кекшілдігі басшылардың халықтың қиындықтары мен әлсіз топтарынан қапы қалуға себеп болмауы керек» деді.