Лариджани: Ислам елдері өз құқықтарын қорғау үшін көбірек әрекет етуі керек
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы сенбі күні Теһранда Индонезия Парламентінің төрағасы Фадли Зонмен кездесуінде: «Ислам елдері өздерінің құқықтарын қорғау үшін көбірек әрекет етуі керек»,-деп қуаттады.
Әли Лариджани адам күші мен қуат көздері тұрғысынан ислам елдерінің әлеуеттерінің мол екенін айтып: «Ислам елдері осы әлеуеттерді өздерінің мақсаттарын орындау жолында пайдалануы керек»,-деп бас айтты.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы, сондай-ақ, Теһранда Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің он үшінші парламентаралық отырысының өтетіндігіне тоқталып: «Мұндай отырыстарды өткізу ислам елдерін бір-біріне жақындастырып, өзара байланыстарды дамытып, ислам әлемінің қиындықтарын шешуге көмектесе алады»,-деді.
Фадли Зон да осы кездесуде сөйлеген сөзінде: «Индонезия Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің парламентаралық отырысының ислам әлемі мәселелеріне жауап бере алатындығына үміттенеді»,-деді. Индонезия Парламентінің төрағасы өз үкіметінің Мьянма мұсылмандары мен Палестина мәселесін қолдайтынын айтып, Индонезия қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің он үшінші парламентаралық отырысы сейсенбі, 16 қаңтарда Иранның үштік билік басшылары және ислам елдері Парламенттері төрағаларының қатысуымен басталып, сәрсенбі күні мәлімдеме жариялау арқылы өз жұмысын аяқтайды.