Хошру: Йеменнің проблемасы бомбалаумен шешілмейді
БҰҰ-ындағы Иранның тұрақты өкілі сейсенбі күні Йемен проблемасының әскери араласу және бомбалаумен шешілмейтінін қуаттап: "ИИР-ның пікірі бойынша, Йемен дағдарысын шешу үшін саяси үдерісті бастауға болады",- деді.
ИРНА-ның мәліметі бойынша, Ғоламали Хошру Йеменге қатысты Ресей ұсынған қарар бекітілген соң, Иранға қарсы уәждерді қайталаудың тек Йеменге шабуыл жасап отырғандарға көмектесетіндігіне тоқталып: "Үш жылдағы соғыс пен бомбалау Йеменді адами апатқа душар етті",- деді.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі дүйсенбі күні Йеменге қарсы екі қарардың жобаларын талқылау үшін жиналды.
Бірінші қарардың жобасы Британияның ұсынысы бойынша "Иран Йеменге қару жібереді" деген негізсіз уәждерге сүйеніп, Иранға қысым жасауды мақсат етті. Бірақ бұл қарарға Ресей вето құқығын қолданды.
Екінші қарардың жобасы Ресейдің ұсынысы болды. Соған сәйкес, 2019 жылдың ақпан айына дейін Йеменге қару-жарақ енгізуге тыйым салатын санкциялар жалғасады. Ресейдің қарары Қауіпсіздік кеңесінің барлық тұрақты және тұрақсыз мүшесі тарапынан қабылданды.
БҰҰ-ындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли "Ресей осы уақытқа дейін сан рет Сирия мен Иранға қарсы қарарларға вето қолданды. Егер Ресей өзінің вето құқығын Иранның мүддесіне пайдалануды жалғастырса, АҚШ пен оның одақтастары Теһранға қарсы Мәскеу алдын ала алмайтын әрекетті іске асырады",- деді.