АҚШ-тың қатынасы: Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасы тұрғысынан
(last modified Thu, 24 May 2018 11:50:31 GMT )
Maм 24, 2018 17:50 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың қатынасы: Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасы тұрғысынан

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сәрсенбі күні кешке ИИР жүйесіндегі үш билік басшылары және жауапты тұлғаларының бір тобымен кездесуінде АҚШ-тың ИИР-ның жүйесімен терең де үздіксіз жауластығының себептерін түсіндіруде маңызды жайттарға тоқталды.

Ислам революциясының жетекшісі осыған қатысты Иран мен Батыстың қарым-қатынасындағы ғибратқа толы бірнеше тәжірибені еске салып, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының жалғасуы үшін Еуропаның беруі тиіс кепілдіктері жайлы түсіндірді. Аятолла Хаменеи Иранның ядролық  бағдарламасына қарсы кеңістік тудыруда Еуропаның АҚШ-қа жақтасқанына тоқталып: "Біздің Еуропамен дауымыз жоқ. Бірақ бұл үш ел қысылтаяң шақтарда АҚШ-қа жақтасатынын көрсетті",-деді.   

Ислам революциясының жетекшісі еуропалықтардың АҚШ-тың Иранға қарсы кез келген санкциясына қарсы шығуын қажет шарттардың бірі деп атап: "ИИР-ның өз күш-қуатына қатысты тақырыптардан, соның ішінде алыстан қорғанудан ешқашан қол үзбейтінін барлығы білсін",-деп баса айтты. Ислам революциясы жетекшісінің кешегі сөздерінде АҚШ-тың Иранға қарсы саясаттары мен "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты мәселелерді сараптауда маңызды жайттар айтылды.

Осы саладағы ең маңызды мәселе АҚШ-тың Ислам революциясының басынан осы күнге дейінгі жауластығының себептері мен тамырларын қайта тану қажеттігі болды. Бұл жауластық кемімегенімен қатар өршіп, күрделене түсті.

Аятолла Хаменеи осы мәселені түсіндіруде бірнеше маңызды тәжірибені еске алып, АҚШ басшыларының сұхбаттарында "құлату" деген сөздің қайталануына тоқталып: "Бұл – жаңа сөз емес. АҚШ басшылары Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бастап бұл сөзді қолданып келеді. «Құлатуды көздемеймін» деп айтқан Президенттің өзі құлатуды мақсат тұтты, оның ниеті мен мақсаттары да айқын еді",-деді.

Ислам революциясы жетекшісінің соңғы жылдары "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан кейінгі келіссөздер тәжірибесіне тоқталуы шын мәнінде ядролық  және зымырандық мәселелердің негізгі тақырып емес екенін, негізгісі АҚШ-тың Ислам республикасы жүйесінің принципімен терең дұшпандығы мен қарсылығы екенін көрсетуі болды. Шындық мынада: АҚШ-тың ИИР-мен негізгі мәселесі мен түйткілі Иранның аймақтағы айбынды құзыры болып отыр. Бұл АҚШ-тың үстемшілдік жолына тосқауыл болып, «АҚШ-Израиль-Сауд Арабиясы» үштігінің сұрқия мақсаттарына жетуіне жол бермей отыр.

Ислам революциясының жетекшісі осы салада Иранның аймақтағы айбынына тоқталып: "Аймақтағы айбын мен халықтардың ИИР-ына жақтасуы – біздің стратегиялық тереңдігіміз. Ақылы бар ешбір үкімет қуат сыйлайтын осындай факторларға немқұрайды қарамайды",-деді.

Тәжірибе көрсеткендей, АҚШ жауластығының тамырларын талдағанда жеңіл әрі оптимизммен ойлаудың қажеті жоқ. АҚШ-тың мақсаты – Иранды аймақ пен халықаралық деңгейде дағдарысқа ұшырату. Бұл жауластық Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бастап таңылған соғыс пен төңкеріс ұйымдастыру қалыбында көрініс тапты, бірақ жеңіліске ұшырады. Осы жауластық ағым басқа тәсілдермен, соның ішінде жүйені іштен құлату және «жұмсақ соғыс» жүргізумен көзделді. Бірақ, бұл да нәтиже бермеді. Сонымен қатар АҚШ өткен 40 жылдың ішінде экономикалық қысымдардан бас тартпай, Иранға қарсы айыптар тағып, өз мақсаттарына жетуге  талпыныс жасады.

АҚШ-тың атақты теоретигі Ноам Хомский АҚШ-тың Иранға қарсы саясаттарын сараптағанда: "Лаңкестік топтар мен ДАИШ-ты қолдауы АҚШ-тың ереже бұзушылықтарының бірі болды. Сонымен қоймай, АҚШ Иранды аймақта тұрақсыздық тудырады деп айыптайды",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, илаһи дәстүр бойынша дұшпанның жеңілетіндігінде еш күмән жоқ. АҚШ-тың қазіргі Президентінің тағдыры Буш пен Рейган сияқты оған дейінгі басшылардың тағдырынан жақсырақ болмайды. Ол да солар сияқты тарихтан із-түссіз жоғалады.