Зариф: АҚШ Иранның әрекеттерінің нәтижесінде тығырыққа тірелді
Иран СІМ Зариф: "Әлем Иранның соңғы жылдардағы сыртқы саясаттағы әрекеттерінің АҚШ-ты халықаралық қатынастарда тығырыққа тірегенін мойындады ",-деді.
IRNA ақпарат агенттігінің сәрсенбі күнгі хабарлауы бойынша, Мұхаммад Джавад Зариф Iran Daily газетіне Иран мен "бестік» тобы (Ұлыбритания, Франция, Ресей, ҚХР мен Германия) арасындағы "Ортақ қадамды" сақтап қалуға бағытталған ұсыныстар пакетіне қатысты келіссөздер жайлы берген сұхбатында: "Ұсыныстар пакеті Иранның қаржы айналымдарын банк арқылы жүзеге асыру, Иран мұнайын сату, шағын және орташа компаниялардың белсенділігін арттыру, санкцияларды жүзеге асырудың алдын алу туралы, яғни санкцияларды шектеу заңын қайта жандандыру және Еуропалық инвестициялық банктің лицензиясын алуды қамтиды. Соның нәтижесінде АҚШ жалғыз қалатын болады",- деді.
Иран СІМ Иранға бес ATR ұшағын тапсыруды Еуропа елдері үкіметтерінің талпынысы мен олардың АҚШ-қа көрсеткен қысымының нәтижесі деп атап: "Еуропа "Ортақ қадамды" сақтап қалу үшін дұрыс бағытта қадам жасады. Алайда бұл әрекеттерді жүзеге асыру үдерісі тез арада түзетілуі керек",- деп баса айтты.
Ол сондай-ақ, Иранның аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап қалу үшін ДАИШ лаңкестік тобы мен аймақтағы әсірешіл топтармен күрескенін баяндап: "Иран аймақ елдерімен сұхбаттасуды құптап, Парсы шығанағында аймақтық сұхбаттасулар қауымдастығын құру туралы ұсыныс жасады",- деді.