Сирия мәселесі мен сол елде АҚШ-тың жеңіліске ұшырауы Американы ауыздықтауға болатынын көрсетті
(last modified Sat, 08 Sep 2018 09:25:14 GMT )
Қыр 08, 2018 15:25 Asia/Almaty

Ислам революциясының жетекшісі жұма күні кешке Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде Иран мен Ресейдің Сирия мәселесіне қатысты ынтымақтастығын өзара әрекеттестікті білдіретін екіжақты әріптестіктің ең айқын үлгісі деп атады.

Хазірет аятолла Хаменеи Иран мен Ресейдің екіжақты әріптестіктерін әлемдік мәселелерге байланысты кеңейтуге болатынын айтып: "Екі тарап бір-бірімен ынтымақтастық жасай алатын салалардың бірі АҚШ-ты ауыздықтау саналады. Себебі, Вашингтон – адамзат баласына төнген қауіп, бірақ оны ауыздықтауға болады",- деді.

Ислам революциясының жетекшісі Сириядағы жағдайларды АҚШ-ты тізгіндеудің сәтті үлгісі деп атап: "Америкалықтар қазір Сирияда шынымен сәтсіздікке ұшырап, өз мақсаттарына жете алмады",- деп мәлімдеді.

Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің келесі бөлімінде: "Иран бүгінге дейін өзінің "Орта қадам" келісіміндегі міндеттемелеріне берік болып келді. Алайда еуропалықтар өз міндеттерін жүзеге асырмады. Біздің "Ортақ қадамдағы" өз міндеттемелерімізді толығымен орындап, олардың өз міндеттемелерін орындамауы қабылдауға келмейді",- деді.

Путин кездесуде "Ортақ қадам" келісіміндегі кейбір қарсы тараптардың өз міндеттемелеріне берік болмауына өкініш білдіріп: "Америкалықтар орынсыз іс-шараларымен жағдайды бұзды. Еуропалықтар болса, тіпті "Ортақ қадамды" сақтап қалудың жолдарын іздестіріп жатқандары туралы мәлімдегеннің өзінде АҚШ-қа тәуелділігіне байланысты іс жүзінде әрекет етіп жатқан жоқ",- деді.