Иранның Теңіз күші айбынды
(last modified Thu, 29 Nov 2018 08:30:20 GMT )
Қар 29, 2018 14:30 Asia/Almaty
  • Иранның Теңіз күші айбынды

Ислам революциясының жетекшісі әрі бүкіл күштердің бас қолбасшысы хазірет аятолла Хаменеи елдің Теңіз күшінің қолбасшылары мен жауапты тұлғаларымен кездесуінде армияның, әсіресе Теңіз күштерінің Ислам революциясының басынан осы күнге дейінгі жетістіктерін орасан зор әрі таңқаларлық деп атады.

Ислам революциясының жетекшісі 28 қараша – Теңіз күштері күніне орай өткен кездесуде дұшпандар мен бәсекелестердің ИИР-на қарсы сап түзегеніне тоқталып: "Осындай жағдайдың болуы артта қалушылықты жою қажеттілігімен бірге жүйенің барлық бөлімдерінде, соның ішінде Теңіз күштерінің төтенше әрі екі есе артық жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді.

Шамаларыңыз келгенше өз қабілеттеріңіз бен дайындықтарыңызды арттырыңыздар. Сонда дұшпандардың Иран халқына қоқан-лоққы жасауға жүрегі дауаламайтын болады",-деді.

Иранның Теңіз күштері Қасиетті Қорғаныс жылдары мәңгілік есте қалатын ерліктер жасады. Қазір де Иранның Теңіз күштері иман мен жас әрі жасампаз күшке ие болуы мен  Қасиетті Қорғаныс кезеңіндегі құнды тәжірибелерді пайдаланып, теңіз шекарасын қорғап, теңіздер мен халықаралық су өткелдеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында маңызды рөл атқарып, Макран, Оман теңізі мен еркін сулар сияқты маңызды аймақтарды өз бақылауына алып отыр.

Иранның Теңіз күштері теңізде маңызды миссиялар атқарып, ондаған кеме тобын еркін суларға, соның ішінде Үнді мұхиты, Баб ул-Мандеб, Суэц каналы, Жерорта теңізіне жіберу арқылы теңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әсерлі де айшықты рөл атқарып жатқанын көрсетті.

Теңіз күштерін жөнелту қорғаныс пен тежегіш қуат саласындағы жетістіктердің жалғасып жатқанын білдіреді.  Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, Теңіз күштерінің қазіргі буыны өздерінің бастамашылдығы мен қабілеттеріне сенеді. "Саханд" эсминеці, "Фатих" пен "Ғадир" сүңгуір қайықтарының елдің теңіз флотына қосылуы күннен күнге дамитын мүмкіндікті көрсетеді.

Иран Қарулы күштерінің қорғаныс пен тежегіш қуат салаларында жоғары деңгейде дайын болуының қоқан-лоққылар алдында қауіпсіздікті сақтау қажеттіліктерінің бірі екені күмәнсіз.

"Табиин" стратегиялық зерттеулер институты бір мақаласында Иран Теңіз күштерінің тежегіш қуатын сараптап, мынадай жайтқа тоқталды: "Теңізде тежегіш қуат қалыптастырудың принциптерінің бірі – технологияларға қол жеткізу. Ол теңіз күштеріне қажет әскери жабдық өндіру, жасау және пайдаланудан тұрады.  Электронды навигациялық жүйелер сияқты технологиялар, жағалаудан алыс, су астындағы құрылыстарға қажет ұзақ мерзімге арналған құралдар жасау, радарға ілікпейтін кемелер, электронды соғыс үшін жарақталған эсминецтер, басқарылатын зымырандар – осының барлығы елдердің теңіздегі үстемдігін кепілдендіретін құрал-жабдықтардың қатарына жатады".

Бір ғасырға жуық тәжірибе көрсеткендей, аймақтың, әсіресе Парсы шығанағының қауіпсіздігі аймақ елдерінің өздері арқылы қамтамасыз етілуі керек. Өйткені, бөгделердің аймақтың ісіне араласуы және әскер орналастыруы әрдайым тынышсыздық пен дағдарыс тудырып келеді. Олардың осы геосаяси тұрғыдан маңызды аймақтың ісіне араласудағы мақсаты – қауіпсіздік тұрғысынан бөгделерге бағыныштылық тудыру, миллиардтаған долларлық қару-жарақ сатып, аймақтағы әскери базаларын сақтау.

Сондықтан Теңіз күштерінің қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі стратегиялық тұрғыдан маңызды.