ИИР әрдайым Палестина халқының жанынан табылады
"ИИР әрдайым Палестина халқының жанынан табылып, олардың арманын қолдайды".
ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф сенбі күні Теһранда Палестина исламдық қарсыласу қозғалысының бас хатшысы Зияд ән-Нахалемен кездесуінде осы тақырыпты қуаттап, Палестинаны қолдауды ИИР-ның сыртқы саясатының түбегейлі принциптерінің бірі деп атады.
Палестина исламдық қарсыласу қозғалысының бас хатшысы Зияд ән-Нахале де осы кездесуде Иранның Палестина халқын қолдауына алғыс айтып, Иранды Палестина арманының шынайы демеушілерінің бірі деп атады.
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи осыдан біраз бұрын Палестина исламдық қарсыласу қозғалысы ХАМАС-тың саяси кеңсесінің басшысы Исмаил Ханияның хатына жауабында Иран халқының қолдауларына алғыс айтып, ИИР үшін Палестинаны толығымен қолдаудың әрдайымғы ұстаным екенін қуаттады. Аятолла Хаменеи Палестина мәселесін шешу жолының Ислам әлемінде күресу және қарсыласу майданын нығайту, басқыншы режим мен оның қолдаушыларымен күресті күшейту деп атап: "Өтірікші әрі басқыншы режиммен келіссөз жүргізу үшін талпыныс жасау – кешірілмейтін үлкен қателік. Ол Палестина халқының жеңісін кері шегеріп, халыққа шығыннан басқа еш нәтиже бермейді. Ислам үмбетіне абырой-айбынды қайтару үстемшілдер мен олардың дұшпандық жоспарларына қарсы тұруға байланысты болып отыр. Палестина мәселесі – ислам әлемінің үстемшілдікке қарсы халықаралық мәселелерінің ең негізгісі",-деді.
Палестинаның жапа шеккен халқын қорғау және оларға сионистік басқыншыларды Палестина жерінен толық шығарып, өз тағдырларын қолдарына алғанға дейін жан-жақты қолдау көрсету – Ислам елдері үшін діни дәне ұлттық жауапкершіліктің ең айқын дәлелі.
ИИР Конституциясының 152 және 154-ші баптары бойынша "барша мұсылмандардың құқықтарын қорғау", "әлемнің кез келген жерінде әлсіздердің ақиқат үшін үстемшілдермен күресін" қолдау сыртқы саясат бөлімінде ИИР-ға жүктелген міндет болып табылады.
Кез келген басқыншылық пен үстемдікке төзуді теріске шығару, азаттық пен тәуелсіздікті қолдау, әлемнің бүкіл халықтары үшін ақиқат пен әділетке негізделген билік орнату – осы екі бапта ИИР жүйесі үшін сипатталған тұрақты саясаттардың бірі.
Қасиетті Құдсты қорғау барлық ислам елдерінің сыртқы саясатының басты бағыты болуы керек. Бұл басымдық Палестинаның тағдырын анықтауда аса маңызды. Осы тұрғыдан ислам әлемінің ең негізгі қаупі ретіндегі сионистік режиммен күрес жолынан ауытқуға соқтыратын кез келген әрекет әлем мұсылмандарына қиянат саналады.
Сыртқы саясат жөніндегі сарапшы Хасан Ханизаде: "Палестина мұсылмандардың бірінші құбыласы ретінде аса маңызды. Алайда саудиялықтар Палестина мәселесінің ұмытылғанын қалайды",-деді.
Палестина мәселесі мен құқығы аяққа тапталып, өз жерінен қуылған халықтың тағдыры ешқашан ұмытылмайды. Қарсыласу қозғалысы бүгінде бұрынғымен салыстырғанда басқыншылардың алдында жоғары әлеуетке ие. Ол Израильге қарсы тұр және сионистік режимге сұрқия мақсаттарына жетуге ешқашан рұқсат етпейді.