Ислам революциясының жетекшісі ғылыми-технологиялық дамуды жылдамдату қажеттігін қуаттады
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сәрсенбі күні ғылым мен технологияны дамыту штабының жауапты басшылары мен зерттеушілер, Ғылым министрі, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының ректорлары және ұстаздарымен кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Жаңа білім мен технологиялардан артта қалған кез келген халық алпауыт елдердің отарына айналып, азап-қорлықтан басқа тағдыр көрмейді»,- деді.
Ислам революциясының жетекшісі өткен 20 жылдағы Иранның ғылыми дамуын жақсы бағалап: «Ғылыми дамудың жылдамдығын төмендетуге болмайды. Бұл жылдамдық алдағы 20-30 жылда сақталып, нығайып, өзінің шарықтау шегіне жетуі тиіс»,-деп баса айтты.
Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, ғылыми даму үшін барлық мүмкіндік пайдаланылуы керек. Аятолла Хаменеи: «Біз шәкірт болуға ұялмаймыз, біз мәңгілік шәкірт болып қалудан ұяламыз»,-деді.
ИИР өткен 40 жылда көптеген жетістіктерге жетті. Бүгінде барлық достар мен тіпті дұшпандар Иранның әлемдік деңгейде құдіретті әрі ықпалды ел екенін және айтар сөзінің барын мойындап отыр. Алайда, ғылым мен технология жолында қозғалысын тоқтатпаған елдердің ғана сәтті болатынын ұмытпауымыз керек.
Иранның әлемнің ғылыми рейтингте 16-шы орынға, ал аймақ бойынша бірінші орынға шығуы – үлкен жетістік. Бұл үдеріс бұрынғыдай сақталып, елде ғылымды технологиялық ғылымға айналдыру жылдамдығы арта түсуі керек.
Технологияның дамуы бір елдің табысы мен байлығының көлеміне және әлемнің оған көзқарасымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан бұл салаға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлінуде. Бұл мәселенің маңыздылығы соншалықты, көптеген адамдардың пікірі бойынша, технологияның дамуы қазіргі әлемде елдердің саяси-экономикалық қабілеттерінің нығаюымен бірдей. Осындай көзқарастар әртүрлі елдің технологияның жоғары деңгейіне жету үшін бір-бірімен бәсекелесіп, соған көп қаражат жұмсауына себеп болды.
Мысалы, Германия әртүрлі құрылғылар мен аппараттар саласында дамуына байланысты жаңа техниканың орталығы саналады. Ал қазір технология бойынша әлемде бесінші ел саналады. Онда әлемге танымал өндіруші кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, бұл елдің білім беру жүйесі мен ғылыми жабдықтары әлем бойынша ең үздіктердің бірі.
Қытай – технологиялық даму бойынша әлемдегі алтыншы ел. Тіпті, бұл ел технология саласында біртіндеп алпауытқа айналып барады. Болжамдар бойынша, Қытай алдағы 20 жылда технология саласында әлемнің ең үздік еліне айналады.
Осы тұрғыдан ғылыми даму жолындағы қозғалыстар қазіргіден де күштірек дами түсуі керек. Ғылыми қозғалысты жан-жақты, байсалды әрі қарқынмен жалғастыру Иранның болашақ тағдырын қалыптастырудың басты факторы болатыны анық.
Елдің ғылыми қозғалысы жолындағы кез келген кідіріс немесе бәсеңдік артта қалуға әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Елдің ғылыми қозғалысын тоқтату – ислам жүйесі дұшпандарының басты жоспарларының бірі.