Теһранда еврейлердің қатысуымен имам Хомейниді (р.) еске алу рәсімі өтті
Хазірет имам Хомейнидің (р.) қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай еске алу рәсімі дүйсенбі күні кешке Ирандағы еврейлер қоғамы тарапынан Теһранның Юсефабад синагогасында өтті.
ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Теһрандағы еврейлер қоғамының басшысы Хомаюн Самея осы рәсімде сөйлеген сөзінде имам Хомейнидің (р.) бірлік жайлы жасаған баяндамасына тоқталып: «Оның бұл сөзі Иран қоғамындағы барлық әлеуметтік топтар мен әртүрлі діндердің топтасуына себеп болды. Сондықтан әлемдік алпауыттар мен дұшпандар Иран халқын тізе бүктіре алмады»,-деді.
Хазірет имам Хомейниді (р.) ұлықтау штабының илаһи діндер комитетінің басшысы Мұхаммадреза Моухеди осы рәсімде: «Шайтанның билігі жайлап, Алланың бірлігі принципін нысанаға алған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осындай жағдайда илаһи діндерді ұстанушылардың барлығы ортақтықтарға көңіл бөліп, таухид-Алла бірлігі мәселесін баса айтып, әріптестік жасауы керек»,-деді.
Сондай-ақ, Ирандағы еврейлердің діни жетекшісі раввин Юнес Хаммами хазірет имам Хомейнидің (р.) өмір жолына тоқталып, оның кейбір ерекшеліктерін атап көрсетіп: «Қарапайым өмір сүру – оның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі»,-деді.