«Бовар-373» кешені Иранның әуе қорғаныс қуатын арттырды
Ұлттық қорғаныс өнеркәсібі күнімен бір мезгілде ИИР Президентінің қатысуымен ұзақ қашықтыққа арналған «Бовар-373» әуе қорғаныс кешенінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Хасан Рухани бейсенбі күні Теһранда Ұлттық қорғаныс өнеркәсібі күніне арналған рәсімде Иранның қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері, шет елдердің елшілері және әскери атташелерімен кездесуінде: «Бовар-373» әуе‑қорғаныс кешені С-300 зымырандық кешенінен мықтырақ, ал С-400 кешеніне өте жақын»,‑деді.
Осы толығымен жергілікті зымырандық кешен Хасан Руханидің бұйрығымен Иранның әуе‑қорғаныс жүйесіне қосылып, қауіп‑қатер алдында Иранның әуе қауіпсіздігін одан ары кепілдендіре түсті.
Қорғаныс өнеркәсібі – ИИР‑ның күш‑қуатын тудыратын маңызды салалардың бірі. Ол дұшпандардың әскери қоқан-лоққылары алдында белсенді тежегіш қуатқа қол жеткізуде әсерлі рөл атқарады. Иранның қорғаныс өнеркәсібі Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында түбегейлі өзгертілді. Бүгінде санкцияларға қарамастан, жергілікті білім негізінде жасалған ирандық қорғаныс өнімдерінің саны 770‑ден асады.
Иранның географиялық аумағында орнаған қазіргі қауіпсіздік жергілікті қорғаныс өнеркәсібімен тікелей байланысты. Бұл салада жергілікті әлеуетке сүйену және өзін‑өзі қамтамасыз ету елдің қауіпсіздігіне қандай да бір қауіп төну мүмкіндігін жойды.
Иранның әуе‑қорғаныс саласындағы айбыны мен тежегіш қуаты жергілікті қорғаныс кешендерінің қуаты мен тиімділігін көрсетеді. «Бовар-373» кешені Иранның әуе‑қорғаныс жүйесіне қосылғаннан кейін дұшпандарды қандай да бір әрекет жасау мүмкіндігінен айырды.
АҚШ‑тың Парсы шығанағы аймағындағы Иранның әуе кеңістігіне арандату үшін Global Hawk дамыған ұшқышсыз ұшағын жіберуі және Иранның осы тыңшылық ұшақты құлатып, кесімді жауап беруі Иранның әуе‑қорғаныс жүйесіндегі әртүрлі кешендердің тиімділігінің бір үлгісі ғана.
АҚШ‑тың «Нью‑Йорк» басылымы бейсенбі күні Иранның Қорғаныс өнеркәсібі туралы: «Ирандықтар өз еліндегі қорғаныс өнеркәсібінің жетістіктерін мақтап, аймақта Иранның қуатына тең келер ешкім жоқтығын мәлімдеді. Ал бұл жағдайда АҚШ ИИР‑ды оқшаулау үшін халықаралық коалиция құруға талпынып жатыр»,‑деп жазды.
Иран қорғаныс өнеркәсібінің дамуы Ислам революциясының дұшпандарын қандай да бір әрекет жасау мүмкіндігінен айырды. Иранның қорғаныс қабілеті қаншалықты артса, дұшпандық әрекеттердің тиімсіздігі соншалықты арта түседі.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың Иран халқына қарсы жауластық саясаттарының жеңіліске ұшырауының себебі Иранның әртүрлі салаларда, соның ішінде қорғаныс өнеркәсібі саласында өзін‑өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жетіп, жергілікті әлеуеттерін пайдалануында жатыр.
Иранның күш‑қуат тудыратын салаларда тәуелсіз әрекет етуі Батыс Азия елдері арасында ИИР‑ның өзгеше әрі үздік орынға ие болуына себеп болды. Иранның қауіпсіздігі мен құдіреті халықтан бастау алады және «өзара тәуелділік» атты халықаралық қатынастар теориясы аясында бағаланбайды. Сол себепті Иранның тұрақты қауіпсіздігі саудаға салынбайды.