Хаф-Герат теміржол желісінің ашылуы – Иран мен Ауғанстан әріптестігінің жарқын үлгісі
(last modified Thu, 10 Dec 2020 15:09:36 GMT )
Жел 10, 2020 21:09 Asia/Almaty
  • Хаф-Герат теміржол желісінің ашылуы – Иран мен Ауғанстан әріптестігінің жарқын үлгісі

Иран мен Ауғанстан басшыларының бейнеконференция арқылы қатысуымен Хорасан-е Разави облысындағы Хаф теміржол бөлігі Ауғанстанның батысындағы Гератқа қосылды.

ИИР Президенті Хасан Рухани мен Ауғанстан Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани бейсенбі күні Хаф-Герат теміржол желісін ашу рәсімінде осы шараны екі халық пен екі мемлекеттің әріптестігін одан ары нығайту жолындағы маңызды қадам деп атады.

Теміржол желісін іске қосу Иран үшін басты басымдықтың көрші елдермен әріптестікті дамыту екенін көрсетеді. Иран мен Ауғанстанның қарым-қатынасы – аймақта тату көршілестіктің көрнекті үлгісі. Бұл байланыстың тамырлары күн өткен сайын нығая түсуде.

Хаф-Герат теміржол желісінің ашылуы Ауғанстанның тұрақты дамуында маңызды рөл ойнауымен қоса, аймақтың транзиттік дәліздерінің бірі ретінде айрықша орынға ие болмақ.  

Бұл жоба Ауғанстанның экономикалық даму саласындағы ішкі қажеттіліктерін өтейді және осы елдің тіпті еуропалық нарықтарға қол жеткізуіне жол ашады.

Осыған орай Иранның Жол және қала құрылысы министрі Мұхаммед Ислами: «Хаф-Герат теміржол желісі Ауғанстанда инфрақұрылымның дамуына жақсы серпіліс бере алады. Өйткені бұл жоба Ауғанстан халқына осы елдің кен орындарын пайдалануына мүмкіндік жасайды»,-деді.

Хаф-Герат теміржол желісі жылына 1 млн жолаушы мен 6 млн тонна жүк тасымалдау әлеуетіне ие. Ұзындығы 140 км құрайтын бұл теміржол желісі бейсенбі күні Иран мен Ауғанстан басшыларының қатысуымен іске қосылды. 2 жыл бұрын бұл жобаға 2800 млрд тұман инвестиция салынған.

Хаф-Герат теміржол желісі Иран мен Ауғанстанды жалғайтын жол ретінде «Бір тарих пен бір мәдениетке ие екі халықтың байланысы» деген ұранмен ашылып отыр. Бұл Иранның Ауғанстанмен жоғары деңгейде қарым-қатынас қалыптастыруға баса назар аударып отырғанын көрсетеді.