Иран Президенті Үндістан Сыртқы істер министрімен кездесті
ИИР Президенті Үндістан Сыртқы істер министрімен кездесуінде Чабаһар портын дамытуды Теһран, Дели және аймақтың басқа елдерінің жан-жақты ынтымақтастықтарындағы жаңа кезең деп атады.
ИРНА-ның мәліметінше, Хасан Рухани жексенбі күні Үндістан Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж ханыммен Теһрандағы кездесуінде: «Екі елдің өткен кезеңдердегі қарым-қатынастары мен мәдени жақындығы екі жақтың әртүрлі салалардағы ортақ қарым-қатынастарын дамыту үшін жақсы негіз болып табылады. Иран мен Үндістанның экономикасы бір-бірін толықтырады. Иран Үндістанның дамып келе жатқан экономикасы үшін қажетті эергетикалық ресурстармен қамтамасыз ететін сенімді көз бола алады»,- деді.
Рухани Иран мен Үндістан халықтарының достық және тарихи қарым-қатынастарын екі ел үкіметтерінің қарым-қатынастары мен ынтымақтастықтарының деңгейін дамыту саласындағы үлкен қор деп атап: «Иранның оңтүстік-шығысындағы Чабаһар портының дамуымен Үндістан Орталық Азия мен Кавказбен және Ауғанстанмен қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне ие болады»,- деп баса айтты.
Үндістан Сыртқы істер министрі де бұл кездесуде Иран мен Үндістан халықтарының мықты қарым-қатынастарын екі ел үкіметтерінің саяси және экономикалық ынтымақтастықтарын тереңдетіп, кеңейтудегі маңызды фактор деп атап: «Үндістан жаңадан пайда болған экономика ретінде энергетикалық ресурстарды қажет етеді. Үндістан екі ел үшін де табыс әкелетін қарым-қатынастарды құптайды. Сондай-ақ бұл қарым-қатынастар сауда ынтымақтастықтарынан жоғары болуы қажет»,- деді.