Иран Президенті мен үкімет мүшелері имам Хомейнидің армандарына адалдығын растады
(last modified Wed, 02 Feb 2022 11:57:21 GMT )
Ақп 02, 2022 17:57 Asia/Almaty
  • Иран Президенті мен үкімет мүшелері  имам Хомейнидің армандарына адалдығын растады

ИИР Президенті мен үкімет мүшелері Ислам революциясы жеңісінің қырық үшінші жылдығы қарсаңында басталған «Фаджр» онкүндігінде имам Хомейнидің кесенесіне барып, Иран Ислам Республикасының негізін қалаушының армандарына адалдығын растады.

Бүгін,  сәрсенбі күні ИИР Президенті Ибрахим Раиси мен үкімет мүшелері имам Хомейнидің қасиетті кесенесіне барып, гүл шоқтарын қойып, Иран Ислам революциясының ұлы сәулетшісіне тағзым етіп, «Фатиха» сүресін оқыды және имам Хомейнидің армандарына адалдық сақтауға ант берді.

Осыдан 43 жыл бұрын, яғни 1979 жылы 1 ақпанда Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы имам Хомейни он бес жылдық қуғын-сүргіннен кейін халықтың жылы қарсы алуымен Иранға қайтып оралды. Имам Хомейнидің Иранға келгенінен он күн өткен соң, 1979 жылы 11 ақпанда Иранның Ислам революциясы жеңіске жетті. Осы себепті имам Хомейнидің Иранға келген баһман айының 12-сі мен Ислам революциясының жеңіске жеткен күні болып саналатын баһман айының 22-сі аралығы  «Фаджр онкүндігі» деп аталды. Жыл сайын бұл күндері Ислам революциясының жеңісі тойланып, арнайы рәсімдер өткізіледі.