Ислам революциясының жетекшісі таза энергия көздерін дамыту қажеттігін айтты
Ислам революциясының жетекшісі Ағаш егу күніне орай жеміс ағашының екі көшетін еккен соң таза энергия көздерін дамыту қажеттігін айтты.
Аятолла Хаменеи жексенбі күні таза энергия көздерін дамыту қажеттігін айтып: "Әлемде де, аймақта да елдер атом қуаты сияқты энергия көздерін дамытып жатыр. Ал негізі жел мен күн энергиясын дамытуға баса назар аудару керек",-деді.
Аятолла Хаменеи ағаш егуді толығымен діни және революцияшыл әрекет деп атап: "Әрине ағаштарды күтіп сақтау өте маңызды. Бұған қатты көңіл бөлу керек",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі тірі өсімдікті адамның рухын тыныштандырып, тәнін сақтайтын, адам баласына жан-жақты ризық беретін энергия көзі деп атап: "Сол себепті қоршаған ортаны бұзып, орманды отап, өсімдік жамылғысын құрту ұлттық мүддені бұзумен бірдей. Қажет болған жағдайдан басқа мәселе үшін орманның бір бөлігін құрту халыққа зиян тигізеді",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі жабайы жануарларды қорғау мәселесіне тоқталып, бұған көңіл аудармау да ұлттық мүддені бұзатынын айтып: "Исламда аң аулау тамаққа қажет болғанда ғана рұқсат етілген. Басқа жағдайда тыйым салынған. Тіпті аң аулауға шығу харам саналады. Сондықтан заңсыз аң аулаудың алдын алу керек. Жабайы жануарларды сақтауға талпыну керек",-деді.
Аятолла Хаменеи халықты ағаш егіп, күтуге шақырып: "Барлық маңызды істерді атқару үшін халықтың қолдауы қажет. Ағаш егу ісі де сондай. Бүкіл халық көшет егіп, оны бағу, бақтардағы және қаланың іші мен сыртындағы ағаштарды сақтау арқылы елдегі өсімдік жамылғысын көбейтуге көмектесе алады",-деді.