Иранның он үшінші үкіметінің сыртқы саясаты тепе-теңдік, динамика мен қырағылыққа негізделген
Иран Сыртқы істер министрі он үшінші үкіметтің сыртқы саясаты тепе-теңдік, динамика мен қырағылыққа негізделгенін айтты.
Хұсейн Амир Абдуллахиан бейсенбі күні кешке Иран үкіметінің сыртқы саясатының басты басымдығы көршілес елдермен көбірек әріптесу және әрекеттесу екенін айтып: «Азия осы ғасырдың жаңа пайда болған құбылысы ретінде зор әлеуетке ие. Осы әлеуеттердің бір бөлігі көршілес елдердің еншісінде»,-деді.
Иранның он үшінші үкіметі 2021 жылы 3 тамызда іске кіріскелі бері сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға берік екенін, көршілес, мұсылман әрі жақтас елдермен ынтымақтастықты дамытуды өз сыртқы саясатының басты бағдары етіп алғанын көрсетті.
Ибрахим Раиси бұдан бұрын Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінде өткен инаугурация рәсімінде әлемдегі өзгерістерге тоқталып: «Ұлттардың мүдделерін қамтамасыз ету жаңа әлемді түсіну, жаңа пайда болған алпауыттармен стратегиялық әріптестік жасау және тепе-тең сыртқы саясат жүргізуге тікелей байланысты»,-деген болатын.
Аймақшылдық саясаты, Шығысқа бет бұру, ШЫҰ сияқты аймақтық және трансаймақтық ұйымдарға қатысу, BRICS-ке мүше елдермен қарым-қатынасты дамыту – осының барлығы Иранның он үшінші үкіметінің сыртқы саясатты тепе-теңдікте сақтау үшін атқарып жатқан іс-шараларының қатарына жатады.
Иран құрлық арқылы 7 және теңіз арқылы 8 елмен шектесіп жатыр. Бұл жағдай Иранның дипломатиясы, экономикасы мен мәдениеті үшін мол мүмкіндік тудырды. Иран мәдениеті көршілес елдердің көбінде әлі де азды-көпті байқалады. Ауқымды әлеуеттердің болуы және осы елдермен түрлі сауда-экономикалық салаларда қарым-қатынасты жеңілдету Иранның он үшінші үкіметінің экономикалық көпқырлылық саясатында көршілес елдерге айрықша назар аударуына себеп болды.
Иранның 15 көршілес елмен мұнайдан тыс саудасы биылғы көктемде 12 млрд 364 млн долларға жетті. Өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 18 пайызға артты.
Иранның он үшінші үкіметінің экономикалық дипломатиядағы басқа бір тақырыбы – Қытай және Ресеймен стратегиялық серіктес екенін бекіту. Қытаймен арадағы 25 жылдық стратегиялық ынтымақтастық құжатының орындалуын қадағалау – Иранның он үшінші үкіметінің міндетіне кіріскеннен бері қолға алған маңызды шараларының бірі. Бұл серіктестік Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахианның 14 қаңтарда Бейжіңге сапары кезінде басталды. Қытай көздеген транзиттік белбеу Иранның күре жолдарынан өтеді. Бұл тақырып Бейжіңнің стратегиялық бағдарламаларында анық көрсетілген.
ИИР-дың Ресеймен байланысын да стратегиялық серіктестік қалыбында бағалауға болады. Иран мен Ресей АҚШ салған санкциялар, Иранның ядролық келісімі, біржақтылықпен қарсыласуға қатысты ортақ көзқарастарға ие. Бұл екі елдің әріптесуін жеңілдетеді.
Иранның он үшінші үкіметі Ресеймен мұнай-газ саласында әріптестікті кеңейтумен қоса, Ресейден 10 млн тонна жүк алып, жылдың соңына дейін транзиттеп, ел территориясы арқылы транзитті 20 млн тоннаға, одан түсетін табысты 20 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Жуырда Иранда іске қосылатын басқа бір дәліз – Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы арқылы Түркия мен Еуропаға қарай баратын жол. Бұл шығыстан батысқа Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауда аса маңызды болмақ.
Иранның он үшінші үкіметінің тепе-тең әрі белсенді сыртқы саясатының сауда, экономика, саясат, банк және транзит салаларына әсерлері біртіндеп байқала бастады. Халықаралық істер жөніндегі сарапшы Реза Садрәлхұсейнидің айтуынша, Иранның он үшінші үкіметінің бұл іс-шаралары валюталық табысты арттырумен қоса, Иранды аймақтың транзит орталығына айналдырады. Бұл елдің экономикалық күшін арттырумен қоса, дипломатиялық қуатын күшейтуге де ықпал ететіні анық.