Ислам революциясының жетекшісі: Спорт саласындағы санкциялар үстемшілдердің асқақ уәждерінің өңін кетірді
Ислам революциясының жетекшісі Украина соғысынан кейін спортшыларға салынған санкциялар үстемшілер мен олардың жақтастарының саясатты спортқа араластырмау керек деген уәждерінің өңін кетіргенін айтты.
2022 жылы 11 қыркүйекте өткен Спортшы шәһидтер конгресін ұйымдастырушылар және спортшы шәһидтердің аналарымен кездескен аятолла Хаменеи бүгін, дүйсенбі күні Теһранда өткен форумда: «Спортшыларға қарсы санкциялар Батыс елдерінің өз мүддесі үшін өздері белгілеген қызыл сызықтарды оп-оңай аттап өтетінін көрсетеді»,-деді.
Аятолла Хаменеи сондай-ақ алаңдағы техникалық жеңісті спорттағы жеңіспен ұластыру керегін айтып: «Ирандық спортшылар сионистік режимнің өкілдерімен сайысқа түспегендіктен медальдан мақрұм қалады. Шын мәнінде бұл – бір жеңіс. Өйткені сайысу бала өлтіргіш узурпатор режимді ресми түрде тану, техникалық жеңістің есесіне ақлақтық жеңісті аяққа таптау дегенді білдіреді. Мұның еш құны жоқ»,-деді.
Ислам революциясының жетекшісі қазіргі спорт қоғамының спортшы шәһидтердің руханияты әсерімен қалыптасқанын айтып, ирандық спортшылардың берік діні мен табандылық көріністерін санамалап өтіп: «Спортшы әйелдің исламдық хиджабпен жеңімпаз атанып, бөгде ер адамдарға қол бермеуі, медальдарын шәһидтердің отбасыларына сыйлауы, жеңістен кейін басын жерге иіп, имамдардың атын атауы, спортшылар керуенінің Арбағин шеруіне қатысуы – қазіргі жемқорлық пен азғындыққа толы материалдық әлемде таңданыс тудыратын теңдессіз құбылыстар. Иран халқының рухани болмысы мен мінез-құлқын терең тану үшін осындай құбылыстарға көңіл аудару керек»,-деді.
Аятолла Хаменеи спортшыларға өзі мен халқының ары мен абыройын сақтау үшін сайыс алаңында және одан тысқары жерде жүріс-тұрыстарына абай болуға кеңес беріп: «Бұрын біздің спорт кеңістігіміз әрдайым Құдай мен пәк имамдардың аттары мен діни-ақлақи ұрандарға толы болатын. Бірақ Батыс елдері жаңа спорт түрлерімен қоса өз мәдениетін енгізуге тырысты. Жаңа спорт түрлерін үйреніп, ілгерілеу барысында өз мәдениетімізді енгізуіміз керек. Спорт Батыс мәдениетін Иранға енгізетін көпірге айналмауы тиіс»,-деді.