Исфаханда бір әскери орталыққа сәтсіз шабуыл жасалды
(last modified Sun, 29 Jan 2023 17:09:39 GMT )
Қаң 29, 2023 23:09 Asia/Almaty
  • Исфаханда бір әскери орталыққа сәтсіз шабуыл жасалды

Иран Қорғаныс министрлігі: "Сенбі күні кешке Исфаханда осы ведомствоға тиесілі өнеркәсіп кешендерінің бірі дрондардың шабуылына ұшырады. Дрондардың бірі әуе-қорғаныс жүйесі тарапынан құлатылса, екеуі қорғаныс қақпанына түсіп жойылды",-деп мәлімдеді.

Исфахандағы өнеркәсіп кешендерінің бірінде жарылыс болған соң Иран Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап: "Бұл сәтсіз шабуыл 28 қаңтар күні кешке орын алды. Әуе-қорғаныс жүйесінің алдын ала болжауының арқасында дрондардың шабуылы сәтті залалсыздандырылды",-деді.

Осы сәтсіз шабуылдың егжей-тегжейі жайлы ақпарат әлі жоқ. Алайда бұған дейін де мұндай шабуылдар жасалған. Иранның әскери және ядролық нысандары маңында бірнеше жарылыс болды. Дұшпандар осындай шабуылдар мен бүлдіргі әрекеттер арқылы ИИР-ның қорғаныс және ядролық өнеркәсіпте қарқынды дамуына кедергі жасауға және Иранды қорғаныс саясатынан кері шегініп, ұпай беруге мәжбүрлеуге тырысып келеді.

Шын мәнінде дұшпандар, соның ішінде АҚШ пен сионистік режим Иранға қысымды арттырып, оны оқшауландыру саясатын ұстанып отыр. Олар кейінгі жылдарда Иранның ядролық және қорғаныс бағдарламаларын тоқтату немесе кешеуілдету мақсатында террор мен бүлдіргі әрекеттер қолданды. Бомба қою, кибер шабуылдар, қарсыласу қозғалысының қолбасшыларына және Иранның ядролық ғалымдарына террор жасау – осының барлығы дұшпандардың Иранның ғылыми және қорғаныстық даму жолына кедергі тудырып, оның айбыны мен құдіретін төмендету үшін жасалған іс-қимылдары саналады.  

Дұшпандар Иранның ядролық және қорғаныс қуатына соққы беру үшін түрлі қылмыс пен сұрқия әрекеттер жасаса да, Иранның әскери компьютерлік программалар мен қорғаныс кешендері сияқты маңызды жүйелерде өзін-өзі қамтамасыз етуге бағытталған арнайы жобаларын орындауға кедергі келтіре алмайды. Қазіргі таңда ИИР түрлі әскери сала, соның ішінде дәл атқыш зымырандар, ұшқышсыз ұшақтар мен әуе қорғаныс жүйелері тұрғысынан әлемнің үздік елдерінің бірі саналады.