Сәу 17, 2023 22:05 Asia/Almaty

Бүкіл күштердің бас қолбасшысы аятолла Хаменеи жексенбі күні Иран Қарулы күштерінің қолбасшылары мен жоғары лауазымды тұлғаларын қабылдап, бұл күштерді ел мен жердің берік қоршауы деп атап, оның үздіксіз дамып жатқанынан ризалық білдіріп: "Бекіну мен дамудың бір деңгейін қанағат тұтпаңыздар. Тоқтаусыз алға жүріңіздер",-деді.

Кейбіреулердің сенімінше, қазіргі заманда әскери қуат бір елдің құдіретті екенін білдірмейді, елдің құдіреті әскери емес факторға, әсіресе экономикаға тікелей байланысты. Батыс Азия аймағы әлемнің бүлік пен бейберекеттікке толы аймақтарының қатарында. Сондықтан әскери қуатқа ие болу – қауіпсіздікті сақтау шарттарының бірі және елдердің құдіретін білдіретін критерийлердің бірі.  

Батыс Азия аймағы тынышсыз болуымен қатар, Ислам революциясы жетекшісінің әрдайым әскери күш-қуатты нығайту керегін баса айтуының басқа себептері бар.

Бірінші себеп: Батыс Азия аймағының айрықша географиялық жағдайына байланысты және Батыс елдерінің аймақтың ішкі істеріне ауқымды түрде араласуы салдарынан ИИР-ға ұдайы қоқан-лоқы жасалып тұрады. Мұнымен қоса, сионистік режимнің Иранның айналасындағы елдерде әскери база орналастыруы, Иранмен жауласуы және кейбір лаңкестік және сепаратистік топтардың көршілес елдерде орналасуы Иранға ұдайы қауіп-қатер төндіріп отыр. Сол себепті Ислам революциясының жетекшісі Иран Қарулы күштерінің қолбасшыларымен кездесуінде: "Қауіп-қатер ешқашан толық жойылмайды. Сондықтан түрлі салада дайындықты барынша арттыру керек",-деді.

Екінші себеп: Әскери күш-қуат –  8 жылдық соғыстан кейін дұшпандардың түрлі салада Иранға қарсы соғыс жүргізгенімен, тікелей әскери соғыс ашуға батпауына себеп болған факторлардың бірі. Кейбір кезеңдерде, соның ішінде 2018 жылы "Global Hawk" америкалық ұшағы құлағаннан кейін АҚШ-тың бұрынғы үкіметі Иранға қарсы соғыс ашпақшы болды. Дональд Трамп үкіметінің ИИР-ға қарсы соғыстан бас тартуына себеп болған нәрсе – Иранның түрлі салалардағы, соның ішінде зымырандық өнеркәсіп саласындағы әскери күш-қуаты.  

Үшінші себеп: ДАИШ сияқты халықаралық лаңкестік күштер тағы да пайда болуы мүмкін. АҚШ басшыларының мойындауынша осы елдің қолдауымен құрылған бұл топтар – АҚШ пен кейбір еуропалық елдердің ИИР-ға қарсы сыртқы саясатының құралы. Ислам революциясының жетекшісі жексенбі күнгі кездесуде халықаралық лаңкестік күштердің әлемнің түрлі аймақтарында соғыс отын өршітіп жатқанына тоқталып, оны елдегі әскери қуатты нығайтудың себептерінің бірі деп атады.

Соңғы себеп: Қарулы күштер ел ішінде бүліктер мен бейберекеттіктерді ауыздықтаумен қоса, шекараның қауіпсіздігін сақтау және ИИР-дың стратегиялық тереңдігін нығайтуда айрықша рөл ойнайды. Сол себепті дұшпандар өздерінің когнитивті соғысын Иранның Қарулы күштеріне қарсы бағыттап отыр. Ислам революциясының жетекшісі осы мәселені жете түсінетіндіктен әскери қуатты нығайту керек деп отыр.

Тегтер