Maм 19, 2024 22:41 Asia/Almaty
  • Генерал-майор Бағери: Президенттің апатқа ұшыраған тікұшағына көмектесу үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылады

Иран Қарулы күштері бас штабының басшысы: "Президенттің апатқа ұшыраған тікұшағына көмектесу және анық-қанығын анықтау үшін Иран армиясы, Сақшылар корпусы мен Тәртіп күштерінің барлық әлеуеті, құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктері пайдаланылады",-деді.

Жексенбі күні Иран Президенті мінген тікұшақ елдің солтүстік-батысындағы Оуджи мен Пир Довуд ауылдары ортасындағы Дизмар орманды аймағында "Қыз қаллесі" бөгетін ашу рәсімінен қайтып келе жатқанда ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшырады.

ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Қарулы күштері бас штабының басшысы генерал-майор Бағери: "Ел армиясы, Сақшылар корпусы мен Тәртіп күштері алғашқы сәттен-ақ ауданға аттандырылды",-деді.

Иранның Денсаулық сақтау министрі Бахрам Эйнуллахи: "Оқиға орын алған ауданға жедел жәрдем мен дәрігерлер жіберілді",-деді.

Эйнуллахи: "Аймақты қалың тұман басқандықтан іздестіру қиынға түсіп жатыр. Алайда оқиға орнына емдеуге қажет барлық құрал-жабдықтар, жедел жәрдем, дәрігерлер мен оташылар жіберілді",-деді.

Иранның жедел жәрдем басқармасының баспасөз хатшысы Бабак Иектапараст та оқиға орнына 8 жедел жәрдем көлігі жіберілгенін айтып: "Қалың тұман болғандықтан әуеден көмек жіберу мүмкін болмай отыр",-деді.  

Иранның Ішкі істер министрі Ахмади Вахиди Президент тікұшағының апатқа ұшырауына қатысты түсіндіре келіп: "Іздестіру-құтқару топтары оқиға болған аймаққа жіберілді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшаққа жету біраз уақыт алуы мүмкін",-деді.  

Қосымша ақпараттар ресми ақпарат көздерінен алынғаннан кейін жарияланады.

Тегтер