Шіл 30, 2024 18:41 Asia/Almaty
  • Имам Хаменеи: Бүгінде Исламның ең биік туы Газа халқының қолында

Ислам революциясының жетекшісі ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы және Палестина исламдық джихад қозғалысының бас хатшысымен кездесуінде Газа халқының теңдессіз табандылығы мен қарсылығын мадақтап: "Бүгінде Исламның ең биік туы Палестина мен Газа халқының қолында. Осы қарсыласудың арқасында исламды одан ары таратуға жағдай жасалды",-деді.

ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы Исмаил Хания мен Палестина исламдық джихад қозғалысының бас хатшысы Зияд ән-Нахала Иранның он төртінші Президентінің инаугурация рәсіміне қатысу үшін Теһранға барды.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеи осы кездесуде ислам ойшылдарының басты мәселелерінің бірі исламды тарату тәсілі және исламдық қоғамның үздік үлгісін ұсыну деп атап: "Қазіргі таңда исламға бетбұрыстың артуы Палестина мен Газа халқының табанды қарсылығының маңыздылығын көрсетеді",-деді.  

Имам Хаменеи: "Қарсыласу күштерінің абырой-айбынының басты факторы – батыс жағалауының тұрғындары. Палестина халқы мен қарсыласу күштері илаһи көмек, қолдау мен сүйінші хабарға ие болады деп үміттенемін",-деді.

Осы кездесуде Исмаил Хания Иранда жаңа Президенттің сайлануымен құттықтап, соңғы сайлауды ислам идеологиясына негізделген демократияның көрінісі деп атап, Масуд Пезешкианмен кездескеніне тоқталып: "Бұл кездесуде Иран Ислам Республикасының Палестина мәселесі мен қарсыласу қозғалысына қатысты игі және күшті ұстанымдарына тағы бір мәрте куә болып, осы ұстанымдарды мақтанышпен сезіндік",-деді.

Исмаил Хания Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қазіргі саяси және соғыс жағдайына тоқталып: "Кеше Газа соғысына 300 күн толды. Қазір тарихи маңызы бар кезеңге келіп жеттік. Палестина халқы мен қарсыласу күштері өздерінің жеңімпаз екенін дәлелдеуі керек",-деді.

Осы кездесуде сондай-ақ Палестина исламдық джихад қозғалысының бас хатшысы Зияд ән-Нахала Пезешкианды құттықтап, оның Палестина мен қарсыласу күштерін қолдау туралы позицияларын мақтап: "Бүгінгі кездесуде ХАМАС пен исламдық джиһад басшыларының бірге қатысуы Палестинадағы қарсыласу күштерінің бірлігін көрсетеді. Осы бірліктің арқасында аймақтағы қарсыласу майдандары арасында үйлесімдік пен әріптестік ең тиімді тәсілмен атқарылуда",-деді.

 

Тегтер