Пезешкиан: Иран мен Сауд Арабиясы аймақтық ынтымақтастыққа үлгі бола алады
ParsToday - Иран Президенті ислам әлеміндегі бірлік пен ынтымақтың нығаюына тоқталып, Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты барлық салаларда дамытып, аймақтық мәселелерді шешу үшін ортақ қуаттарды пайдалануға шақырды.
ParsToday агенттігінің президенттік ақпарат сайтына сілтеме жасап хабарлауынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан өткен бейсенбі күні Теһранда Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі ханзада Халид бен Салман бин Абдулазиз және онымен бірге келген делегациямен кездесті. Ол исламдық елдер арасындағы терең діни, мәдени және тарихи ортақтықтарға тоқталып: «Иранның 14-ші үкіметі құрылған күннен бастап исламдық елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға табанды болды»,- деді.
Иран Президенті ислам елдерінің бірлігі аймақта бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізудің қажетті шарты екеніне тоқталып: «Құбыласы, кітабы, діні ортақ ұлттардың құт-береке толы елде қақтығыстар мен жоқшылыққа ұшырауы өкінішті. Бұл жағдай Ислам еліне лайық емес»,- деп баса айтты.
Пезешкиан келіспеушіліктерді бір жаққа қойып, аймақтық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып: «Ислам елдерінің басшылары ортақ ниетпен басқа қоғамдар үшін бірге өмір сүру, өркендеу және ілгерілеудің шабыттандыратын үлгісін ұсына алады»,- деді.
ИИР Президенті: «Иран Ислам Республикасы Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын барлық салаларда кеңейтіп, екіжақты ынтымақтастықты басқа ислам елдеріне де кеңейтуге толық дайын»,- деп жариялады.
Пезешкиан сондай-ақ Палестина халқының Газа секторындағы ауыр жағдайына тоқталып: «Егер исламдық елдер ортақ тіл мен шынайы бірлікке жетсе, сионистік режим бұдан былай Газада бүгін болып жатқан оқиғалар сияқты гуманитарлық апаттар тудыруы мүмкін емес»,- деп айтты.

Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі ханзада Халид бен Салман бин Абдулазиз де ислам әлеміндегі бірлік пен жақындасудың қажеттілігіне тоқталып: «Иран мен Сауд Арабиясы аймақтың екі негізгі тірегі болып табылады және екі елдің берік қарым-қатынасы ислам әлеміндегі жақындасу үшін тиімді үлгі бола алады»,-деді.
Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі сондай-ақ Газа мен Палестинадағы оқиғаларға қатысты Иран мен Сауд Арабиясының ұстанымдарының сәйкес келетінін және сионистік режимнің Газа секторы, Иордан өзенінің батыс жағалауы, Ливан және Сириядағы әрекеттері режимнің аймақтағы олқылықтарды пайдалану әрекетін көрсетеді деп мәлімдеді.