Бахрейнде америкалық тілшілердің қамауға алынуы айыпталды
Адам құқығын бақылау ұйымы Бахрейнде 4 америкалық тілшінің қамауға алынуын айыптады.
«Pars» ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Адам құқығын бақылау ұйымы дүйсенбі күні мәлімдеме таратып, Бахрейнді 4 америкалық тілшіні қамауға алғаны үшін айыптап: «Америкалық тілшілерді қамауға алу Бахрейнде қарсыластарды басып-жаншудың жалғасып жатқанын көрсетеді. Америкалық төрт тілшінің Бахрейнде тергеуден өтетіндігі туралы хабарлар бұл елдің тілшілер үшін қауіпті ел екендігін көрсетеді»,-деп мәлімдеме жасады.
Адам құқығын қорғау ұйымы, сондай-ақ, Бахрейндегі АҚШ елшілігінен осы елдің басшыларына сөз және баспасөз бостандығы саласындағы міндеттемелеріне берік болу қажеттігін ескертуді сұрады.
Бахрейннің қауіпсіздік күштері жексенбі - 14-ақпан революциясының жылдығы күні америкалық төрт тілшіні осы елдегі халықтық наразылықтар жайында хабар таратып жатқан кезде қамауға алды.