«Иран-Қазақстан қарым-қатынастары: тарихы мен қазіргі жағдайы» атты семинар өтті
Желтоқсанның сегізі күні Еуразия ғылыми-зерттеу институтының әлеуметтік және мәдени мәселелер тобының бастамасымен өткен «Иран-Қазақстан қарым-қатынастары: тарихы мен қазіргі жағдайы» атты семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ирантану бөлімінің меңгерушісі тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Жеңіс баяндама жасады.
Семинар Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени және саяси қарым-қатынастарының тарихы, екіжақты байланыстардың даму келешегіне арналды. Сонымен қатар бүгінгі күнгі Иранның сыртқы саясатының өзекті мәселелері талқыланды. Семинар кезінде Иранның ШЫО, ЕурАзЭО сияқты аймақтық ұйымдармен байланыстарды нығайту мәселелері де қарастырылды.
Баяндамашы семинардың бірінші бөлігінде Иран мен Қазақстанның мәдени және саяси байланыстарының тарихына тоқталып, ертедегі сақтар мен ғұндар кезеңінен бастау алып, кешегі Қазақ хандығы кезеңінде жандана түскен қарым-қатынастарға кеңінен тоқталды. Кеңестік кезеңде тоқырап қалған екіжақты байланыстардың Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қайта дамуының саяси себептерін түсіндірді.
Жомарт Жеңіс қазіргі кезеңдегі екіжақты байланыстарды талдап, мәдени-саяси байланыстармен қатар Иранға Батыс елдері тарапынан салынған санкциялардың күшінің жойылуымен кеңею үстіндегі сауда-экономикалық байланыстарға да тоқталды.