Астана келіссөздерінде Сириядағы атысты тоқтату бітімін қадағалайтын комитет құру туралы келісілді
Сирия үкіметінің өкілдері мен қарсыластар Қазақстанның елордасы Астана келіссөздерінде Сирияда атысты тоқтату комитетін құруға келіскенін хабарлады.
Сирия үкіметінің өкілі Башар әл-Джафари бейсенбі күні өткен Астана келіссөздерінен кейінгі баспасөз конференциясында бұл отырыстың соңында мәлімдеме жасалмағанын айтып, барлық тараптар арасында Сирияда лаңкестікпен күресу және атысты тоқтату бітімін қадағалауға келісім жасалғанын хабарлап: «Астана келіссөздерінің соңында қорытынды мәлімдеменің жарияланбауы Түркия делегациясы мен қарсыластар тобының отырысқа кеш келуінің салдарынан орын алды. Бұл Түркия делегациясы мен қарсыластардың келіссөздерді бұзуды көздеп отырғанын көрсетеді. Сондықтан Түркия атысты тоқтату бітімін кепілдендіруші елдердің қатарында болуға лайық емес.
Барлық тараптар арасында бір келісімге қол қойылды. Бұл келісім бойынша олар Сирияда лаңкестікпен күресу қажеттігін қуаттады. Сирия өз жерінің әрбір бөлшегін лаңкестердің, әсіресе ДАИШ пен ән-Носрат майданының (Фатх әш-Шам) басқыншылығынан азат етуге бағытталған талпыныстарын жалғастыра береді»,-деп баса айтты.
Сирияның қарулы қарсыластары делегациясының басшысы Мұхаммад Алуш та Астана келіссөздерінде Сириядағы атысты тоқтату бітімін қадағалайтын комитет құру туралы келісімге қол қойылғанын хабарлады.