Назарбаев: Ауғанстанның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы – Орта Азиядағы бейбітшіліктің кепілі
ҚР Президенті Ауғанстанның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын Орта Азияның бейбітшілігі, тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі деп атады.
Fars ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстаның Қазақстандағы жаңа елшісі Қадамшах Шахинның сенім грамотасын қабылдау рәсімінде бұл елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын Орта Азияның бейбітшілігі, тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі деп атады.
Ол Ауғанстан Президентінің 2015 жылы Қазақстанға сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында өзімен кездескеніне тоқталып, бүгінде Кабул мен Астана арасындағы ықпалдастықтың айтарлықтай артқанын мәлімдеп: "Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымының көлемі 500 млн доллар болды. Алматы мен Кабул қаласында екі елдің сауда орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатыр. Қазақстан әлемнің барлық елдерімен көпжақты ынтымақтастық жасауға әзір",-деді.
Кеше Ауғанстан, Эстония, Польша, Канада, Финляндия, Бельгия мен Францияның жаңа елшілері ҚР Президентіне сенім грамоталарын тапсырды.