Иран мен Еуразия экономикалық одағы арасындағы келісім қорытындыланады
Қазақстанның Ұлттық экономика министрі 17 мамырда Иран мен Еуразия экономикалық одағы арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге қол қойылатынын хабарлады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Тимур Сүлейменов келісімге Қазақстанның елордасы Астанада өтетін экономикалық форум аясында қол қою жоспарланғанын айтты.
Қазақстандық лауазымды тұлғаның айтуынша, бұл елдің нарығы Иранға құны 8 млрд долларды құрайтын тауар экспорттауға қабілетті. Осы келісімге қол қойылғаннан кейін қазақстандық өндірушілер өз тауарларын Иранға экспорттауды 30 есе арттыруға мұрсат алады.
Қазақстанның Ұлттық экономика министрі, сондай-ақ, Еуразия экономикалық одағының Қытаймен сауда әріптестігі туралы келісіміне қол қою рәсімі де 17 мамырда Астанада Иранмен келісімге қол қоюмен бір мезгілде өткізілетінін айтты.
Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи осыдан біраз бұрын Иран мен Еуразия экономикалық одағы арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылатындығына тоқталып: «Бұл жайлы келіссөздер екі жыл бұрын басталған. Қазір тарифі азайтылатын немесе жойылатын тауарлардың тізімі дайындалды. Тараптар көптеген кеңесулерден кейін бір келісімге келді»,-деген болатын.