Түркия Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасты дамыту қажеттігін қуаттады
https://itolqyn.com/news/kazakhstan-i42235-Түркия_Қазақстанмен_экономикалық_қарым_қатынасты_дамыту_қажеттігін_қуаттады
Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасты дамыту қажеттігін қуаттады.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Maм 25, 2019 19:22 Asia/Almaty
  • Түркия Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасты дамыту қажеттігін қуаттады

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасты дамыту қажеттігін қуаттады.

Мевлюд Чавушоғлы Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев және қазіргі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде екі ел арасында инвестиция салу көлемін арттыру қажеттігін қуаттап, Түркия мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен туризм саласында тәжірибе алмасуын қалайтынын айтты.

Бұдан бұрын Қазақстан мен Түркия басшылары жоғары деңгейде стратегиялық әріптестік кеңесін құру аясында өзара сауда айналымын жылына 10 млрд долларға арттыру қажеттігін қуаттаған. Алайда бұл мақсат әлі күнге дейін орындалмады. Шын мәнінде 2012 жылдан бері екі ел басшылары әрдайым өзара сауда айналымын жылына 10 млрд долларға жеткізуді баса айтып келеді. Өткен жылы қыркүйек айында Түркия Президентінің Қазақстанға сапары барысында екі ел басшылары тағы да өзара сауда айналымын жылына 10 млрд долларға жеткізу мәселесін көтерді. Ердоғанның өткен жылғы сапары барысында Анкара үкіметі және Түркия мен Қазақстанның жеке секторындағы іскерлер екіжақты сауда-саттықты басшылар айтқан деңгейге жеткізу мақсатында 24 ынтымақтастық құжатына қол қойды. Мұнымен бір мезгілде Түркия мен Қазақстан Түркітілдес елдер одағын құру идеясын күн тәртібіне қойды. Бірақ бұл екі елдің өзара сауда айналымын жылына 10 млрд долларға жеткізе алмауы аталмыш идеяның тиімді еместігін білдіреді деп пайымдауға болады.  

Ресейдің "Батыс-Шығыс стратегиясы" атты аналитикалық орталығының бас директоры әрі саяси-қауіпсіздік мәселелер жөніндегі сарапшысы Дмитрий Орлов "Независимая газетаға" берген сұхбатында: "Түркия өзін Еуразия аймағындағы түркітілдес елдердің көшбасшысы санайды, алайда түркітілдес елдерге қатысты одақтың жұмысын жалғастыру күмән тудырады. Түркияның жалпы ішкі өнімінің өсімі Орта Азиядағы түркітілдес елдер мен Әзірбайжан республикасынан үш есе жылдамырақ. Сол себепті бұл елдердің арасында екіжақты қарым-қатынас Түркітілдес елдер одағына қарағанда тиімдірек әрі әсерлірек болмақ",-деді.

Түркия мен Қазақстанның сауда айналымы өткен жылдың соңына дейін 2 млрд доллардан ары аспады. Екі ел басшылары белгілеген мақсаттардың орындалмағаны және Түркия мен Қазақстанның сауда айналымы көлемінің келіскен межеге жетпегеніне қарамастан,  мына шындықты назардан тыс қалдырмау керек: Түркия мен Қазақстанның қарым-қатынасы 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ұдайы дамып келеді. Түркия мен Қазақстан Түркітілдес елдер одағы аясында экономикалық идеяларды орындауда сәтсіздікке ұшырағандарына қарамастан, екі ел де Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ECO) және Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше болып табылады. Шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықпен бірге екі ел аймақтық  және халықаралық деңгейде де өзара тиімді әріптестік жасап келеді.