ҚазҰУ-де өткен саммитке Иран университеттерінің ректорлары қатысты
(last modified Tue, 24 Sep 2019 07:39:33 GMT )
Қыр 24, 2019 13:39 Asia/Almaty
  • ҚазҰУ-де өткен саммитке Иран университеттерінің ректорлары қатысты

Қыркүйектің 19-21 күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Университеттердің жаһандық саммиті өтті.

Әлемдік маңызы бар бұл халықаралық шараның ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, QS World Wide халықаралық комитетінің төрағасы Стюарт Паундер, QS вице-президенті Бен Саутер, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, IREG Observatory бас директоры Ян Садлак, SUN Бас Ассамблеясының төрағасы Ин Чуль Ким қатысты. Оған академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшы өкілдері – университеттердің президенттері мен ректорлары, сондай-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Elsevier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлемге танымал компаниялар, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінің топ-800-ге кіретін университеттердің басшылары, SUN, USRN, IREG Observatory ұйымдар мен университеттерді саралау бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері, ENAEE инженерлік білім берудің аккредиттеуі бойынша еуропалық желінің сарапшыларынан тұратын 60-тан астам елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Иран Ислам Республикасының университтеттері де бұл айтулы шарадан шет қалмады. Саммит жұмысына Гилян университетінің ректоры доктор Ахмад Рази, Алламе Табатабаи университетінің ректоры доктор Хосейн Салими мырзалар қатысты. Мәртебелі қонақтар саммит жұмысы аясында ирантанушы мамандар дайындап отырған шығыстану факультетінде қонақта болды. Факультет деканы Ы.М. Палтөре, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі П.М. Сүлейменов және ирантану бөлімінің оқытушылар құрамымен кездесіп, болашақ әріптестік жобалар туралы сөз қозғады. Саммит барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гилян университеті арасында өзара ынтымақтастық қатынастар туралы  меморандумға қол қойылды.