Омбыда «Абай» мәдени-іскерлік үйі салтанатты түрде ашылды
(last modified Thu, 24 Sep 2020 15:15:07 GMT )
Қыр 24, 2020 21:15 Asia/Almaty
  • Омбыда «Абай» мәдени-іскерлік үйі салтанатты түрде ашылды

2020 жылғы 22 қыркүйекте «Отандастар қоры» КЕАҚ Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің және РФ Омбы облысы Үкіметінің қолдауымен онлайн-форматта Омбы қаласында «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуын өткізді, - деп хабарлайды «Отандастар қорының» баспасөз қызметі.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы консулдығының өкілдері, сондай-ақ «Отандастар қорының» басшылары, «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және т. б. қатысты.

Кездесу аясында қазақ мәдени-іскерлік үйінің тұсаукесері өтті, сондай-ақ Ресейдегі қазақтардың мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Жиын барысында «Абай» мәдени-іскерлік үйлерінің қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, шетелдегі отандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту бойынша мақсаттары мен міндеттері айтылды.

Сондай-ақ, 2020 жылдың соңына дейін «Отандастар қоры» Қырғызстанда (Бішкек қ.), Өзбекстанда (Ташкент қ.), Германияда (Берлин қ.), Түркияда (Стамбул қ.) «Абай» үйі атты тағы 4 мәдени-іскерлік үйін ашуды жоспарлап отыр.

Абай үйі
Омбыда Абай үйі ашылды