Али Акбар Талеби Матин: Мәдениетімізде ұқсастықтар көп
(last modified Tue, 27 Jul 2021 11:16:20 GMT )
Шіл 27, 2021 17:16 Asia/Almaty
  • Али Акбар Талеби Матин: Мәдениетімізде ұқсастықтар көп

Иран – Қазақстанның сенімді серіктестерінің бірі. Екі ел арасында көптеген сала бойынша әріптестік берік орнаған. Бұл ретте Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісінің мәдени істері жөніндегі кеңесшісі, елшілік жанындағы Иран мәдени өкілдігінің жетекшісі Али Акбар Талеби Матинмен жүздесіп, қос елдің достық қарым-қатынасы жайлы, сол жақты мекендеп жатқан қандастарымыз туралы және басқа да тақырыптар тұрғысында сұхбат құрдық.

– Доктор Талеби Матин, қазақ еліне қош келдіңіз! Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз. Қазақстанда бұған дейін қанша рет болып едіңіз? Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы ұнап жатыр ма?

Нұр-Сұлтан – сәулеті ерекше қала

– Рақмет. Қазақстанға алғаш келуім. Нұр-Сұлтанда тұрып жатқаныма 2 айдан асты. Бұл қызметіме дейін Орта Азия елдерінде біраз жұмыс атқардым. Жалпы, Қазақстанға, соның ішінде ел астанасына оң көзқарастамын. Астананы мәдениет ордасы деп білемін, сәулеті ерекше қала. Қаншама талантты жастардың жұлдызын жағып, әлем сахнасына жетелеуде. Менің ойымша, Қазақстаннан шыққан дарынды азаматтар көп және олардың жеңістері әлі алда. Қазақстан болашағы зор ел деп санаймын.
Қазақ еліне келіп, қызмет етіп жатқаныма өте қуаныштымын. Иран мен Қазақстанның достық қарым-қатынасын дамытуға күш саламыз. Негізінен, екі елдің арасын нығайту мақсатында осынау 30 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Екі елдің арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен бүгінгі басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы ерік-жігерінің арқасында байланыс одан сайын беки түсті. Саяси тұрғыдан қос мемлекеттің басшылары достық және жақсы қарым-қатынасты ұстанады. Ал мәдениет саласы бойынша байланысы өте терең. Жалпы, Қазақстан 3 жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізеді. Жыл сайын соның хатшылығының жиыны өтіп тұрады. Иран тарапы осы съездің тұрақты әрі ықпалды мүшесі болып саналады.
Қазіргі уақытта бірнеше қазақстандық студентті Иранға оқуға жіберіп жатырмыз. Сонымен қатар Қазақстанға Ираннан оқытушылар шақыр­тып, парсы тілі мен әдебиетін оқытуды бастап кеттік. Індет біраз саланы тұралатып тастағанымен, біздің жұмыс қызу жүріп жатыр. Жиын-кездесулерді онлайн форматта, көшеге шықпай-ақ өткізіп жүрміз.

Иранда қазақ тілінде хабар тарататын радио бар

– Елімізде парсы тілін оқимын деген адамға бар жағдай жасалған деп айттыңыз. Ал енді Ирандағы қазақтар қаншалықты өз тілінде білім алып, қазақ әдебиетін еш қиындысыз оқи алады? Қандастарымызға кітаптарымыз қолжетімді ме?

– Иә, қазір Иранда қазақ тілінде хабар тарататын радио бар. Күнде тікелей эфирге шығады. Қазақ тілінде біраз пайдалы ақпараттар, тың деректер ұсынып отырады. Иранда 5 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл ирандықтардың Қазақстанға деген қызығушылығын тудырып, толығырақ танып-білуге құлшынысын оятады. Иранның Горган қаласында Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Қазір олар белсенді жұмыс істеп жатыр.
Иран мектептерінде қазақ тілінде оқытатын сыныптар бар деп айта алмаймын. Десе де Ирандағы Қазақстан елшілігі осы мәселені қарастыруда. Сондықтан елшілік алдағы уақытта қазақ сыныптарын ашуы да мүмкін.

«Екі ел арасындағы барыс-келісте кедергі жоқ»

– Иран мен Қазақстан қарым-қатынасына қандай баға бересіз? Қазіргі уақытта екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс жөнінде қандай мүмкіндіктер және кедергілер бар?

– Екі елдің мәдени байланысы жылдан-жылға жақсарып келеді. Өйткені қазақ пен ирандықтардың мәдениетінде ұқсастықтар көп. Тарихи байланысы да тереңде. Қазіргі таңда Қазақстанды Иран Орталық Азиядағы өзіндік орны бар, татулық пен тұрақтылықты ту еткен ел ретінде қабылдайды. Саяси байланысы да жоғары деңгейде. Дегенмен Иран мен Қазақстан қарым-қатынасына, достығына қанағаттанарлық деген баға бере аламын. Екі елдің әлі де көптеген салаларда игерілмеген мүмкіндіктері жетерлік. Күш біріктірсек, біз бұдан да биік шыңдарды бағындыра аламыз деп ойлаймын.
Ал кедергілер туралы сұрағыңызға келсек, екі елдің арасында айтарлықтай кедергілер жоқ. Әлі де әріптестікті нығайта түсу керек. Ол үшін мүмкіндіктер де жоқ емес. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында Иран халқы көбірек насихатталса екен деген тілегіміз бар. Иран фильмдері отандық телеарналардан көрерменге ұсынылып тұрса, ол да қазақстандықтардың Иран халқына деген қызығушылығын одан сайын арттырар еді деп ойлаймын.

«Абайдың шығармашылығына үңіліп жүрмін»

– Иранда қазақ әдебиетшілерінің шығармалары қаншалықты кең таралған? Өзіңіз тікелей осы салада жүрсіз ғой, айтыңызшы, қазақтың қай ақын-жазушысымен таныссыз?

– Иә, қазақ елінен көптеген ұлы ақын-жазушылар шыққан. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына ерекше қызығамын. Бәрімен ақырындап танысып жатырмын. Екі елдің әдебиет, мәдениет саласындағы танымал тұлғаларын бір-біріне таныстыру мақсатында форум, кездесулер өткізуді мақсат етіп отырмыз. Алдағы уақытта қос елдің ғылыми академиялық тұлғаларын да таныту жоспарда бар. Өйткені екі ел жақсы байланыста. Бір-бірінің тарихынан да хабардар. Әл-Фараби мен хакім Абай сынды ұлы тұлғалар шығармалары Иранда кеңінен таралса, Ираннан шыққан әлемге әйгілі тұлғалар Омар Хайям мен Фирдоусиді қазақ жұрты да жақсы біледі.
Соңғы уақытта Абай Құнанбаевтың шығармашылығына үңіліп жүрмін. Ирандықтар да – еркін халық, өмір сүру стилі еркін. Иран мен Қазақстанның ұқсастықтары өте көп. Мысалы, қазақ тілі мен парсы тілінің көптеген ортақ сөзі бар. Парсы тілінің 3 мыңнан астам сөзі қазақ тіліне енген деседі. Сол сияқты Иран мен Қазақстан халқының негізгі бөлігі – мұсылмандар. Ал айырмашылықтарға тоқтала бермейміз. Ұқсастықтар екі ел халқының байланысын одан әрі нығайтуға негіз болады.

– Қазіргі уақытта Ирандағы эпидахуал қалай? Карантиндік талаптар жеңілдетілді ме? Әлде күшейтіліп жатыр ма?

– Пандемия әлемді жаулап алды. Бір ғана мемлекеттің басындағы дерт емес, бұл індетпен әлем күресуде. Қазіргі уақытта Иранда барлық санитарлық, карантиндік талаптарды сақтау міндеттеледі. Өзіміз де індетке бейімделдік. Дәл қазіргі уақытта Иранға барамын десеңіз, кедергі жоқ. ПТР тест тапсыруыңыз қажет, одан кейін визаға өтініш бересіз. Иран – 80 миллионнан аса халқы бар, даму қарқыны жоғары елдердің бірі. Алайда әлемге тараған қатерлі вируспен ел жұртшылығы бір адамның ағзасы сияқты жұдырықтай жұмыла күресуде.

Болашақта Иран мұнайға тәуелді болмауы мүмкін

– Американың саяси санкциясы Иран экономикасына қалай әсер етті? Жалпы, Иранның экспортқа шығаратын ең құнды тауары мұнай екені белгілі. Сапасы жоғары болғандықтан, мұнайы үнемі әлемдік нарықта жоғары бағаланып келеді. Қара алтынды Еуропаға жөнелту қайта қолға алынды ма?

– Американың санкциясы Иран экономикасына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Керісінше, Иранның өз-өзіне деген сенімін күшейтті. Халқының ерік-жігерін жанып, рухани мықты болуға септігін тигізді. Кейінгі жылдары Иран мұнайға тәуелділігін тоқтатуға, тежеу­ге бар күшін салып жатыр. Қазір санкцияның кері әсері жоқ. Халық мемлекетке, өзіне деген сенімінің ең жоғары деңгейіне жетті, сондықтан нендей жағдай болса да, ирандықтардың жеңіп шығатынына, абыроймен еңсеретініне сенемін. Себебі ирандықтардың мәдениетінің өзгешілігі халықтың жанкештілігінде деп ойлаймын.
Иранның мұнайы экспортқа шығып жатыр. Дегенмен, иә, өзіндік қиыншылықтары да жоқ емес. Иран жыл өткен сайын мұнайға деген тәуелділігін азайтып келеді. Оны ең төменгі деңгейге жеткізу көзделіп отыр. Мұнай экспорты тоқтап қалған күннің өзінде де, еш қиындықсыз өмір сүре беретін күнге жету үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнайды ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, дәл осы күйінде сақтап қалу ойда бар.
Мұнайдан басқа Иранның қай саласын алып қарасаңыз да, экспорты бар. Ауылшаруа­шылығы дейсіз бе, өнеркәсіп, химия болсын, бәрінде өнімін экспорттап отыр. Тіпті қорғаныс саласында да экспорт жасайды. Иран көлік жасау, ғылым мен білім, мәдениетімен де алда келеді. Біз білгенімізбен бөлісуге әрқашан дайынбыз. Қазақстан мен Иран арасында қай салада болсын, әріптестік байланыс бар, тек соны нығайта түсу керек. Қазақстан барлық салада Иранмен серіктес бола алады.

Кітапхана саласындағы байланыс берік орнаған

– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған Мәдени өкілдіктің жұмысы туралы кеңінен айтып берсеңіз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Иран мәдени өкілдігі Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін өз жұмысын арттыра түсті. Орталықтың жұмысы 1993 жылы екі ел арасындағы Мәдениет жөніндегі келісімшарт негізінде басталған. Ал оның мақсат-мүддесі – екі елдің арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайту. Бұл тұрғыда Алматыдағы бірқатар университетте Ирантану және парсы тілі орталығы ашылып, студенттерге парсы тілі оқытыла бастады. Бакалаврды бітіріп шыққан түлектерге Ирандағы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, магистратурада, докторантурада оқуға мүмкіндік жасалды. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде парсы тілі мен әдебиеті оқытылады және Иран орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның әдеби, мәдени орталықтары Иранның ұлттық кітапханасынан ашылды. Екі ел арасында кітапхана саласында да тығыз байланыс бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар орталығы мен Иранның Ұлттық кітапханасы арасында әріптестік берік орнаған.

Алдағы уақыттағы басты жоспарымыз – парсы тілі курс­тарын көбейту және студент жастарға ғана емес, барлық жастағы азаматтарға арналған тіл курсын ашу. Бүгінгі таңда парсы тілі курсы онлайн форматта өтеді. Жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлектерімен арнайы кездесу ұйымдастырдық. Осы сияқты студенттермен, жұмысшы жастармен жиі жүздесулер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді парсы тілі курсына құлшынысы бар кез келген азаматтың тегін қатысуына жағдай жасауды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар парсы тілінен олимпиада ұйымдастырылады. Жыл соңына дейін Қожа Ахмет Ясcауидың ой-пікірін талдауға, зерттеуге бағытталған вебинар өткізу жоспарда тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Дереккөзі: https://www.astana-akshamy.kz/ali-akbar-talebi-matin-madenietimizde-uqsastyqtar-kop/