Түргенге сапар
(last modified Tue, 26 Oct 2021 21:04:07 GMT )
Қаз 27, 2021 03:04 Asia/Almaty
  • Түргенге сапар

Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады (Н. Назарбаев).

Алматы Қазақстанның табиғаты сұлу тау қойнауында, Орта Азияның климаттық жағдайы ең қолайлы жерлерінің бірінде орналасқан. Тап-таза мөлдір тау суы қалаға, жасыл желектерге нәр беріп, ауаны тазартады. 

Түрген шатқалы

 

Жетісудың сондай шырай­лы жерлерінің бірі – Түрген шатқалы. Кө­рікті де, көркем жердің табиғатын  та­машалау  біздің  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің www.kaznu.kz ЖОО-ға  дейінгі  дайындық  кафедрасының тыңдаушыларымен  бірге маған да  бұйырған бақ болды. Демалыс күн­дерінің бірінде тобымызбен көрікті тау шатқалдарын көріп қайттық. Біздің мақсатымыз – жастардың достық қарым-қатынасын нығайту, шетелден келген қандас бауырларымызға  табиғат аясына шығып атамекенін таныстыра отырып патриоттық сезімін толықтыру,табиғи жəне адам қолымен жасалған ғажайып игіліктерді таныту, көзбен көріп, көңілге тоқыту.

Қазақтың бар жері қасиетті, киелі. Туған жер əрбір адам үшін қастерлі қазына болып қала береді. Өйткені кіндігіміз жермен байланған. Баршаға белгілі, Елбасы өзінің «Мəңгілік ел» идеясында ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, тарих пен мəдениет, тілдің біртұтастығы мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі бола алатындығын атап көрсеткен. Осы орайда жастарға тарих пен мəдениетті таныту мақсатында жоғары оқу орындарында əр түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі – табиғат аясына шығу. Қазақ жері табиғаты тамылжыған, тарихы терең өлкелерге өте бай.

Түрген сарқырамасы – Іле-Алатау ұлттық саябақтың құрамындағы сұлу шатқал. Түрген шатқалы – тек демалуға ғана емес, емделуге де өте қолайлы жер. Іле Ала­тауынан бастау алатын Түрген өзе­ні­нің ағысы қатты, орташа ағу жылдамдығы –  3 м/с. Өзеннің жағалауын қаулай Тянь-Шань шыршасы өседі. Түрген шатқа­лын­да 7 сарқырама бар. Адамдар көп бара­ты­ны – Аюлы мен Тескенсу. Алғашқы сар­­­­қырама (биіктігі 30 метр) жасыл шыр­шалар және шыңдар арасындағы бейнелі орын­да орналасқан. Шатқалда шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп, мұзды ке­зең­ге дейінгі іздерді сақтаған. Аюлы сар­қырамасына баратын көпірден жоғары 300 метрде бұлақ орналасқан. Тескенсу сарқырамасы бұлақтан шамамен 2 сағат­тық жерде.

Ал біздің бағытымыз Аюлы болды. Біздер сарқырамаға жету үшін биікке қарай 4,5 шақырым соқпақ жолмен көтерілдік. Жастар сарқыраманың сарқырап аққан суын тамашалады. Таудың табиғатына тамсанды, таза ауада серуендеді, естелік үшін суретке түсті. Бұл Аюлы сарқырамасын жұрт кейде «Махаббат сарқырамасы» деп атайтынын біліп қайтты. Балалар табиғат аясындағы демалысынан үлкен əсер алды. Жастар биік-биік төбелерге шығып, «Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй тартып, қосыла ән салып көңілді демалыс ұйымдастырды.

Түрген сарқырамасы

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

аға оқытушысы  Идрисова Г.А.

Тегтер