Жел 01, 2021 03:57 Asia/Almaty
  • Қандастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  орай құттықтау жолдады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қандастар құттықтау жолдады, - деп хабарлайды «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі.

Азаттықтың алғашқы алаң-елең шағында Елбасы «Дүниежүзіндегі қазақтардың бір ғана Отаны бар, ол - Тәуелсіз Қазақстан. Әлемдегі әр қазақ өз елінде тұрып, сол мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін қызмет етуі керек!» деген батыл бастама көтеріп, шеттегі қандастарды атамекеніне оралуға үндеген болатын. Егемендіктің 30 жылында шартарапқа шашыраған иісі қазақты бір шаңырақ астына біріктіру мақсатында атқарылған ауқымды істер нәтижесінде 1 миллион 100 мыңға жуық қандасымыз аңсаған атажұртына оралып, тарихи Отанымен қайта қауышты. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы «Отандастар Қоры» КЕАҚ құрылып, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен» бірлесе қандастарды ортаға бейімдеу, ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі бауырластармен мәдени-іскерлік байланыстарды барынша дамыту бағытында кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген қарымды қандастарымыз қалың қазақтың қарасын көбейтіп, халық санының артуына да айрықша үлес қосты. «Отандастар қоры» КЕАҚ қандастарымыз жолдаған құттықтау хатты Елбасына жолдады. Қоғамның әр өңірдегі фронт-кеңселері мен орталық аппаратына  қандастарымыз жолдаған құттықтау хаттар мен бейнежазбалар легі әлі тоқтаған жоқ. Алыстан келген ағайын «1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні» мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды. Қазіргі уақытта Қоғамның әлеуметтік желідегі парақшаларына келген құттықтаулар жарияланып, барша қандастар қауымы атынан оң пікір қалыптасты.  «Әр қазақ - менің жалғызым!» деген отаншыл рухты оятып, ел мен жерді, ұлт пен жұртты жұмылдырған көшбасшы еңбегіне қандастар ризашылық білдіреді.

 

Дереккөзі: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі

Тегтер