Жел 14, 2022 23:24 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да араб-парсы каллиграфиясы бойынша шеберлік сыныбы мен көрме өтті

9 қаңтарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында ирантану бөлімі мен Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдіктің ұйымдастыруымен танымал қазақстандық каллиграф Орынбасаров Асылбек Байұзақұлы араб-парсы каллиграфиясы бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

Кафедра  меңгерушісі Д.М.Көкеева мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығы  жанындағы Мәдени Өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәр мырза кіріспе сөз сөйлеп бастап берді. Шеберлік сыныбына кафедраның иран және араб бөлімінің студенттері қатысты. Шеберлік сынып практикалық сипатта өтіп, студенттердің зор қызығушылығын тудырды.

Каллиграф Орынбасаров Асылбек Байұзақұлы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің және Мысырдағы «Халил Аға» көркем жазу институтының  түлегі, 2005-2006 жылдары Иран мәдени орталығында парсы тілін оқыған, 2010 жылдан бастап Стамбұл қаласында заманымыздың бірегей каллиграфы әйгілі Хасан Челябидің сабақтарына қатысады. 2014 жылы Астана қаласында, 2017 Алматы қаласында жеке көрмесін өткізген, 2017 Мәскеу қаласында алтыншы халықаралық каллиграфия көрмесіне, 2020 жылы «Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар мұражайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ислам каллиграфиясының философиясы» атты көрмеге және 2022 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайының «Діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдар» атты көрмесіне қатысқан. Астана қаласында бой көтерген Орта Азиядағы ең үлкен мешіт - «Nur-Sultan Grand Mosgue» мешітінің жазуларын жазу жұмыстарына қатысқан.

Шеберлік сыныбы

 

Бұл шара одан ары жалғасын тауып, 9-14 желтоқсан аралығында осы каллиграфтың араб-парсы каллиграфиясы бойынша жасаған авторлық  жұмыстарының көрмесі өтті. Көрмені студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ факультет қонақтары, атап айтқанда Біріккен Араб Әмірліктерінен келген қонақтар да тамашалады. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері көрмені көруге арнайы келді.    

Каллиграфия көрмесі

Боранбаева Айман

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті

ирантану бөлімінің аға оқытушысы

Тегтер