Қар 11, 2023 18:38 Asia/Almaty
  • «Тәрбие – тал бесіктен...»

Ұлы философ, әлемнiң екiншi ұстазы атанған сопылық жолдың негiзiн қалаушылардың бiрегейi Әбу Насыр әл-Фарабидiң «Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы» деген сөзiн оқыған сайын ерiксiз ойға шомамын.

Осы сүбелi сөздi ой елегiнен өткiзе отырып бiлiм мен тәрбиенiң аражiгiн ажыратып алуды ұйғардым. Ұстаздықтың белгiлi бiр парызын өтеу жолында балалардың тәрбиесiне ме, әлде бiлiмiне ме, қайсысына баса назар аудару керек екен деген сұраққа жауап iздедiм. Ол сауалдың жауабын табу қиын болмады. Себебi бiлiм мен тәрбие – бiр-бiрiмен ұштасып жатқан дүние. Тәрбие болған жерде бiлiм, бiлiм болған жерде тәрбиенiң болары хақ. 

«Тәрбие – тал бесіктен...» деп халқымыз бекер айтпаған. Демек, адам баласының тәрбиесі іңгәлап дүние есігін ашып, тал бесікке түскен кезден басталады. Қазақтың ғұлама ғалымы, педагог Мағжан Жұмабаев өзінің 1923 жылы жарық көрген «Педагогика» атты еңбегінде «тәрбиенің мақсаты – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиенің мақсаты – адам деген атты құр жалаң қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – дейді. Мағжан Жұмабаев айтқандай, тәрбиенің мақсаты – ата-анаға, қоғамға пайдалы, бойына ізгі қасиеттерді дарытқан абзал ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мақсаттарға қол жеткізудегі әрекеттер отбасынан, одан кейін балабақшада, мектепте қалыптасып, есейген шақта қоғамдық ортада жалғасады.

Тәрбие мақсатына жетуде отбасындағы тәрбиенің маңызы зор.

Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өздері белгілі деңгейде тәлімді, үлгілі, өнегелі болуы тиіс. Әке-шешесі бұзық болса, олардан тәлім алған бала да алысқа бармайды. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді», – демекші солардың кебін киеді. Сондықтан бала тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен өзін-өзі тәрбиелегені жөн. Ақылды да, парасатты болу тәрбиеге байланысты. Ақылды адам өмірден алған сабағы арқылы білімді келеді.

Жастарды рухани-имандылыққа тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қа­жетті, кезек күттірмес мәселе. Мұның сыртқы және ішкі себептері де бар. Әлемде, ұрпақ тәрбиесіне қатысты үлкен ізденістер мен зерттеулер, талпыныстар мен ұсы­ныстар баршылық. Дамыған елдерде, жұмыр жердегі тәрбие туралы қалыптас­қан түрлі ой-саналар мен ілімдерді безбендеп кіріктіру арқылы немесе әр ұлттың ұр­пақ тәрбиелеу озық үлгілерін таңдап алып, өз табиғатына сәйкестіру арқылы өңдеп іске асыру, жаңа ілім-теорияларды батыл ұсыну қатарлы іс-қимылдар үзіліссіз жү­ріп жатыр. 

Жас жеткіншектерді болашаққа, рухани құндылықтарын дамытуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті https://farabi.university/, колледжінде тәрбие ісінде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Әр жеткіншек – болашақтың азаматы, олар жан-жақты болуы керек.

әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университеті

колледжінің директоры Еркебай Р.А.