Жел 16, 2023 00:28 Asia/Almaty
  • Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан Өмір үшін жаралған тамшылармыз!

Халқымыз бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Тарихымызға көз жүгіртсек, жүрегің сыздап, сай-сүйегің сырқырайды.

Сонау Сақ дәуірі, Отырар апаты, «Ақтабан  шұбырынды» заманынан бастап қойша қырылған ашаршылық пен «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымызға осынау байтақ далада өзін сақтап қала алмаса, жойылып кету каупі төніп тұрған еді. Ғасырлар бойы көкірегінен қайғы-шер кетпеген, көз жасы бір сәтке дегдіп көрмеген, өмір бойы әділдікті аңсаған, арқа еті арша, борбай еті борша болып, тапқаны өзіне бұйырмаған бір зарлы халық болса, ол қазақ болды. 

Қаз едік қатар ұшып сампылдаған,

Сахара көлге қонып қанқылдаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып

Не қалды тәнімізде тарпылмаған,-

дегендей, ел-аман, жұрт-тынышта қазақ халқының моральдық жағынан азғындауы, адамгершілік қасиеттен айырылуы, сауапты ұмытып, мейірімсізденуі, өз үйінде өз төрі бұйырмай, ана тіліне зар болуы қазақ жұмысшы жастары мен студенттеріне қамшы болып тиді. Яғни қурап тұрған шөпке шырпы тастағандай болды.

Отаршылдықтың темір құрсауын бұзу үшін жұдырық боп түйіліп, азаттықты көксеп бас көтеріп, жалпақ әлемнің назарын өздеріне аударған өршіл де қайсар мінезді қазақ жастарының намыс жолындағы күресінің жарқын дәлелі – Желтоқсан оқиғасы!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті https://farabi.university/ колледжінде оқу-тәрбие ісінің ұйымдастыруымен Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың ерен ерлігін насихаттау, Отанына сүйіспеншілігі зор, рухты, қайратты, білікті, патриот жастарды тәрбиелеу мақсатында «Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан Өмір үшін жаралған тамшылармыз!» атты кездесу кеші болды. Кездесуге желтоқсан ардагерлері Исабаева Ұлжалғас Жумайқызы және Хамимульдинов Сержан Жексембекұлы қатысты. Ардагерлер сол қаһарлы желтоқсанда болған қанды қырғынның куәгерлері ретінде бастарынан өткен қиындықтарды айтып, өткенге шолу жасады. Бұндай ауыр күндерді еске алу да оңай емес, бірақ жас ұрпақ мұны білуі тиіс. Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде мәңгі қалады. Егемендік пен тәуелсіздік таңы қаншама жастардың қанымен, қасіретімен келді. Біз мұны мәңгілікке есте сақтауымыз керек.

Желтоқсан ардагерлерімен кездесу

Колледж студенттері желтоқсан ардагерлеріне қандай ауыртпалық болса да шыдап, ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық парызды алға қойып шексіз ерлік көрсеткендері үшін  алғыс айтты.

Кеш соңында білім алушылар патриоттық әндер, өлеңдер, күмбірлеген күйлерді тебірене орындап, келген қонақтарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Ахметова М.А.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Аппакова М.Н

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Кенебаева М.А.

аға куратор

 

Тегтер