Қаң 26, 2024 16:11 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары ирантанушылар кездесуіне қатысты

23 қаңтарда Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығында қазақстандық ирантанушылардың кездесуі өтті.

Шараға қатысқан ирантанушылар әртүрлі саланың өкілдері, атап айтқанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті оқытушылары, Ғылым ордасы ғалымдары, Ұлттық кітапхана сирек кітаптар қорының қызметкерлері, Fars News агенттігінің журналистері, әртүрлі компаниялардың өкілдері болды. Кездесу барысында Бас консул Мохсен Фағани және Бас консулдық жанындағы Мәдени өкілдіктің басшысы Хосейн Ағазаде мырзалармен Қазақстанда парсы тілін оқытуды жақсарту жолдары талқыланды. М. Фағани мырза 2 жыл бұрын болған осындай кездесуден кейін Алматы қаласында Ирани Мәдени өкілдігін қайтадан ашуға қол жеткізілгенін және парсы тілін оқытуға қолдау мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Ираннан доктор Ф. Шакибаның шақырылғанын айтты. Ирантанушылар тарапынан Қазақстандық ирантанушылар ассоциациясын құру, парсы тілін колледждерде оқыту, парсы тілі оқытушыларына қолдау көрсету, ирандық сериал, киноларды қазақ тіліне аудару, қазіргі парсы прозасын аудару және т.б. ұсыныстар жасалды.

Материалды әзірлеген: Айман Жұбатқанқызы Боранбаева

Тегтер