Нау 01, 2024 01:23 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесері өтті

2024 жыл 27 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы осы университеттің 90 жылдығы аясында жарық көрген Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесерін өткізді.

Тұңғыш рет жарық көріп отырған Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікке парсы тілінде жиі қолданылатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, сыпайылық формуласына жататын сөз тіркестері мен ауызекі тілде жиі қолданылатын алғыс, қарғыс, қолпаштау, таңдану және т.б. қатысты тұрақты сөз тіркестері енген. Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік парсы және қазақ тілдерінде бірдей сөйлейтін оқырмандарға, сондай-ақ парсы тілін үйренушілерге және фразеологизмдерді зерттеуші мамандар мен осы тақырыпқа қызығатын барша оқырман қауымына арналады. Бұл сөздік парсы тілін үйренушілер мен ирантану саласы бойынша жұмыс істейтін  мамандарға аса қажетті көмекші оқу құралы болып табылады. Сөздікті құрастырғандар – Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұстаздары А.Ж. Боранбаева, Ғ.Т.Жұмадилова және Ғ.Ә. Қамбарбекова.  

Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік

Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесеріне әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы Н.Б. Ем, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Д.М. Көкеева, Алматы қаласындағы ИИР Мәдени өкілдігінің басшысы Х. Ағазаде, ИИР-дан шақыртылған оқытушы доктор Ф.Шакиба ханым, Тұран-Иран ғылыми зерттеу орталығының директоры И. Жеменей және көптеген ирантанушылар, шығыстанушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Тұсаукесер соңында зерттеушілер осы сөздік туралы қызу пікір алмасты және сұрақтарға жауап берілді. Алдағы уақытта Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті құрастырушылар ирантану саласына қатысты монография және оқулықтар шығару жөнінде  жоспарлары барын айтты.    

Тұсаукесер

Дайындаған: филология ғылымдарының кандидаты Қамбарбекова Ғалия Әмзеқызы

Тегтер