Сәу 08, 2024 20:34 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті оқытушылары Мирас Мактуб ғылыми зерттеу институтының директорымен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А.Ж. Боранбаева мен Ғ.Ә. Қамбарбекова Иран еліне іссапар барысында 2024 жыл 17 наурыз күні Иран Ислам Республикасы Мирас Мактуб зерттеу институтының (The Written Heritage Research Institute) директоры доктор Акбар Ирани мырзамен кездесті.

Бұл кездесуге танымал шығыстанушы ғалым,  PhD Г.Қ. Құдайбергенова мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шақыртылған оқытушысы PhD Ф.Шакиба ханым да қатысты.

Мирас Мактуб ғылыми зерттеу институтының құрылғанына биыл отыз  жыл. Отыз жылдық тарихында жазбаша мұраларды зерттеу институты қолжазба күйінде сақталған бес жүзден астам дін, фәлсафа, парсы тілі, парсы әдебиеті, тарих, география, сапарнама, естелік, түрлі ғылым салалары бойынша әлемдегі ең көне және толық нұсқаларын жинап, мәтіндеріне ғылыми түсініктер жазып жарыққа шығарған. Соның ішінде тұңғыш рет Қазақ хандығы бойынша құнды дереккөз болып саналатын Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегін бірінші болып осы институт жарыққа шығарғанын ерекше атап көрсету қажет. Бұдан басқа осы институт көптеген тарихи-географиялық аса маңызды, әлемде сирек кездесетін парсы тіліндегі құнды жазба мұраларды зерттеумен мен жарыққа шығарумен айналысады. Жазбаша мұраларды зерттейтін институттың отандық шығыстанушылар үшін алатын орны ерекше. Сол себепті осы ғылыми іссапар барасында Орталық Азия елдерінің тарихы, географиясы, мәдениеті туралы сыр шертетін қолжазбаларды зерттеу мен жарыққа шығару мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар кездесу барасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің оқытушылары Мирас Мактуб ғылыми зерттеу институтының директоры доктор Ирани мырзамен болашақтағы әріптестіктер мен ортақ ғылыми жобалар жайлы пікір алмасты. Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия ирантану бөлімінің оқытушылары жуырда жарық көрген Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті Мирас Мактуб ғылыми зерттеу институтының директоры А. Ирани мырзаға сыйға тартса, доктор А. Ирани мырза да өзі басқарып отырған институттың ең соңғы басылымдарын қазақтандық ирантанушыларға сыйға тартты. Алдағы уақытта осы институтпен бірлескен ғылыми жобалар жасалады деп күтіледі.

Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік
Омар Хайям төрттағандары

Дайындаған: филология ғылымдарының кандидаты Қамбарбекова Ғалия Әмзеқызы

Тегтер