Қар 25, 2020 18:52 Asia/Almaty
  • Қазақстанның Ирандағы Елшілігінде қазақтың ұлы ақыны  Абайдың мерейтойына арналған мәдени іс-шара өтті

2020 жылы 23 қарашада Қазақстанның Ирандағы Елшілігінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Оған Ислам Республикасындағы шет мемлекеттер елшілерінің және халықаралық ұйымдар басшыларының жұбайлары, сондай-ақ дипломаттар қатысты.

Мәдени іс-шараны Қазақстанның Ирандағы елшісі А.Оразбай сөз сөйлеп, ашты. Елші ақын Абайдың үнемі халқының алға ілгерілеуіне, өркендеп-дамуына шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптеп, ел-жұртын ғылым-білімге шақырғанын атап көрсетті.

Абай Құнанбайұлының шығармалары мен ол туралы еңбектер

Бұл іс-шара барысында Абайдың жырлары, қара сөздері оқылып, әндері шырқалды және домбырамен күй тартылды.

Атап айтқанда, Тегеран университетінің докторанты Руйа Азади Абайдың «Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма?» өлеңін, Pars Today ақпарат сайтының тілшісі Гауһар Омарханова ақынның қара сөзін парсы тілінде жатқа мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, қазақ Елшілігі ұжымы жанынан құрылған хор «Көзімнің қарасы» әнін шырқады.  

Сонымен бірге, мәдени іс-шара барысында «Абай жолы» роман-эпопеясын парсы тіліне тәржімалаған аудармашы Назлы Асқарзаденің Абай тұлғасы мен еңбектері жөнінде толғаған арнауы оқылды.

Бұдан бөлек, мәдени кеш аясында қонақтар Абай мұраларына және Қазақстанның дамуына арналған кітаптар мен материладар қойылған көрмені тамашалады.

Іс-шара кезінде меймандар қазақ ұлттық тағамдарының дастарқанынан дәм татты.

Дереккөзі: Қазақстанның Ирандағы Елшілігі

Тегтер