Жел 21, 2022 14:57 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі қазақ шығыстанушысының мерейтойына арналған конференция өтті

14 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің 70 жылдығына арналған «Шығыстану және түркітану ғылымдарының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференцияда Алматыдағы ИИР-дың Бас консулы Мохсен Фағани, ИИР-дың Алматыдағы Мәдени Өкілдігінің басшысы Мәжит Алигар, Өзбекстан Республикасынан «Бабыр» атындағы қоғамдық қор төрағасының орынбасары Рустам Мамасолиев, Наманган инженерлік технологиялық институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әділжан Мәмәркәримов, ҚР ҰҒА академиктері құттықтау сөз сөйлеп, Түркия ғалымдары Озкул Чобанулы, Ердоган Боз, Өзбекстандық ғалым Д.М. Һашимова, Отандық зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының  ғалымдары баяндама жасады. Мамандар шығыстану мен түркітанудың өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция аясында профессор Ислам Жеменейдің Өзбекстанда жарық көрген Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» кітабының түпнұсқалық түрік тілінен қазақшаға аудармасы және «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне аналитикалық талдау» атты парсы тіліндегі кітаптарының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітаптардың тұсаукесер рәсімі

             Жиын барысында университет тарапынан Ислам Жеменейге «Ерен еңбегі» үшін төсбелгісі және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты тарапынан «Шығыстану ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

          Иранда дүниеге келіп, еңбек жолын сол елде бастаған Ислам Жеменей  Кеңес Одағы тарап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға келіп, бірқатар университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет атқарды. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры. 30-ға жуық оқулық, сөздік, монография, ғылыми аударма кітаптарының авторы.

 

Айман Боранбаева

ҚазҰУ Шығыстану факультетінің аға оқытушысы

Тегтер