Ердоған: Гүленнің сауда саласындағы табысы тоқтатылады
Түркия Президенті: «АҚШ-та тұратын Түркия үкіметіне қарсы Фетхулла Гүленге қарасты компаниялардың табысы тоқтатылады»,-деді.
Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Режеп Тайып Ердоған бейсенбі күні Гүленді Түркияда сәтсіз төңкерісті ұйымдастырды деп айыптап, оған қарасты мектептер, компаниялар мен қайырымдылық қорларын «терроризмның ошақтары» деп атады.
Ердоған Анкарадағы президент сарайында сөз сөйлеп: «Фетхулла Гүлен сауда саласында бұрынғыдай мықты да белсенді. Түркия үкіметі Гүленнің мүддесін басып-жаншуда ешқандай рақымшылық жасамайды»,-деді.
Ердоған, сондай-ақ, Гүленді Түркия мен басқа елдерде мектептер, компаниялар мен қайырымдылық қорлар желісін ашып, оларды мемлекеттік органдарға еніп, елді басқару үшін «параллельді жүйе» құру мақсатында пайдаланды деп айыптады.
Түркияның бір соты «лаңкестік ұйым құрды және төңкеріс жасауға бұйрық берді» деген айыппен Фетхулла Гүленді қамауға алуға үкім шығарды.