Ирактың Күрдістан аймағында мұнайды заңсыз түрде сату жалғасып жатыр
Ирак Парламентінің мұнай және қуат көздері комиссиясының төрағасы әрі Күрдістан патриоттық одағының тізіміне кіретін Ариз Абдулла: «Ирактың Күрдістан аймағының жергілікті әкімшілігі Киркуктегі мұнай ұңғымаларынан өндірілетін 400 мың баррель мұнайдың тек 20 мың баррелін Бағдадтағы орталық үкіметке тапсырды»,-деп хабарлады.
Бағдадтағы орталық үкімет пен Ирактың Күрдістан аймағының жергілікті әкімшілігі арасындағы қайшылық өзегін әртүрлі мәселелер, соның ішінде мұнайды барлау, өндіру және экспорттау тәсілі, сондай-ақ мұнайдан түсетін табысты бөлу тәсілі құрайды.
Күрдістан аймағының дамуын Ирактың қазіргі қиындықтарынан бөлек санайтын бұл аймақтың жергілікті әкімшілігі ондағы қуат көздеріне, әсіресе мұнайдан түсетін табысқа ерекше назар аударып отыр. Халықаралық қуат агенттігінің болжамы бойынша, Ирактың Күрдістан аймағындағы мұнайдың дәлелденген қоры 4 млрд баррельден асады. Бұл аймақтың басшылары мұндағы мұнайдың дәлелденбеген қорын 45 млрд баррельден асады деп санайды.
Ирактың Конституциясы бойынша, елдегі мұнайды өндіру және экспорттау орталық биліктің рұқсатымен жүзеге асырылуы тиіс, бірақ Күрдістан аймағының жергілікті әкімшілігі мұндағы мұнайды Ирактың Конституциясының баптарын назарға алмастан сатып жатыр.
Ирактың Конституциясының мұнайға қатысты баптарына көңіл аудармау осы аймақ пен орталық үкімет арасында қайшылықтардың пайда болып, өршу себептерінің бірі болды. Ирактың орталық үкіметі мен Күрдістан аймағы 2014 жылдың желтоқсан айында мұнай саласындағы қайшылықтарды доғару үшін Арбиль-Бағдад келісіміне қол қойды. Осы келісім бойынша, Ирактың Күрдістан аймағы күніне 550 мың баррель мұнайды (Күрдістан аймағынан 250 мың баррель мұнай, Киркуктен 300 мың баррель мұнай) экспорттау мақсатында өндіруге міндеттеме алды. Мұнайдың бұл көлемі Ирактың Ұлттық мұнай экспорттау компаниясы «Суму» тарапынан сатылуы тиіс. Бағдад үкіметі Ирак мұнайынан түсетін табыстың 17 пайызын осы елдің Күрдістан аймағына төлеуге міндеттеме алды. Бұл сома 14 триллион Ирак динарынан асады.
Осы келісімнің болуына қарамастан, Күрдістан аймағының басшылары бұрынғыдай тікелей мұнай экспорттауды жалғастырып жатыр. Күрдістан аймағының басшылары өздерінің осы заңсыз әрекеті мен Арбиль-Бағдад келісімін бұзуын түсіндіруде: «Ирактың мұнай мен газға қатысты заңы әлі жүзеге асқан жоқ. 109 және 110 баптар 2006 жылға дейін анықталған мұнайға қатысты. Ал бұл жағдайда Күрдістан аймағындағы мұнайдың көп бөлігі 2006 жылдан кейін анықталды»,-деп уәж айтады.
Ирактың орталық үкіметі мен Күрдістан аймағы арасындағы мұнай қайшылығының белең алу себептерінің біріне бұл аймақтың 5 ай бойы жұмысшылардың жалақысын төлеуге қауқарсыздығы және Күрдістан аймағы басшыларына қарсы наразылықтар мен кәсіподақтық және әлеуметтік аштық жариялау актілерінің артуы жатады.
Наразылықтар жалғасып, Күрдістан аймағының жергілікті әкімшілігінің жағдайы ауырлағаннан кейін осы аймақтың жергілікті әкімшілігі басшысының орынбасары Құбад Талебани 2016 жылдың 17 қаңтарында жасаған бір мәлімдемесінде: «Егер Бағдад үкіметі аймақ қызметкерлерінің жалақысын төлесе, Күрдістан аймағы Ирактың орталық билігімен келісімге келуге дайын»,-деді.
Ирактың Премьер-министрі Хайдер әл-Абади да Күрдістан аймағының белгілі бір шартпен келісім жасауға дайындығына реакция білдіріп: «Ирак үкіметі Күрдістан аймағы жұмысшыларының жалақысын төлеуге дайын, бірақ бұл аймақ мұнай экспорттауды тоқтатуы тиіс»,-деді.
Сондықтан мұнай – қазір Бағдадтағы орталық үкімет мен Күрдістан аймағы арасындағы қайшылықтың басты факторы. Маңызды жайт мынада: Күрдістан аймағы мұнайдан түсетін табыстың негізгі әрі маңызды бөлігін Бағдадтың орталық қазынасына салмағанына қарамастан осы аймақтың жұмысшыларының жалақысын бәрібір төлей алмай отыр.