Жел 08, 2016 18:24 Asia/Almaty
  • Сирия ұлы жеңіс қарсаңында 

Алеппо майданындағы өзгерістер Сирияның ұлы жеңістің, Алеппоның шығысын лаңкестердің қолынан азат етудің қарсаңында тұрғанын көрсетеді.

Сирия армиясы өткен қараша айының ортасынан бастап Алеппоның шығысында лаңкестерге қарсы амалдарын бастады.  Соңғы күндері Сирия армиясы соғыс майданында маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Ақпарат құралдары өткен аптада Алеппоның шығыс бөлігінің үштен екісінің азат етілгенін хабарлады. Ендігі хабарлар бойынша Алеппоның шығыс бөлігінің тек төрттен бірі ғана лаңкестердің қолында қалып отыр. Сирия армиясының Алеппоның шығыс бөлігінде амалдар жүргізіп жатқан 20 күн барысында кемінде 80 мың лаңкес бұл ауданнан қашып кетті.

Алеппоның шығысында қалған лаңкестерде тек екі таңдау жолы бар: соғысты жалғастыру (бұл өлімге әкеліп соқтырады) немесе қашу. Лаңкестер Сирия армиясы мен оның одақтастарының қатты қоршауына алынған.  Алеппоның шығыс бөлігі алдағы екі-үш күннің ішінде лаңкестердің қолынан толық азат етіледі деген болжам бар. Бұл жағдайда Сириядағы дағдарыстың басты факторы болып табылатын Батыстың адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтушылары тағы да Алеппода гуманитарлық апаттың орын алуы туралы алаңдаушылық білдіруде.  АҚШ, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания мен Канада Алеппода гуманитарлық апаттың туындауы туралы ортақ мәлімдеме жариялап, Сирия армиясы мен оның одақтастарының шабуылдарын айыптады. Бұл ортақ мәлімдемеде: «Қазір БҰҰ Алеппоның шығысындағы халыққа гуманитарлық көмек жеткізу үшін Алеппода тез арада атысты тоқтату бітімін орнату қажет»,-деп жазылған. 

Бұл елдер Алеппоның шығыс бөлігінің 2012 жылдан бері лаңкестік топтардың қол астында болып, оның тұрғындарын тірі қалқан ретіндеқолданылған жағдайда осындай мәлімдеме жариялап отыр. Ол кезде Батыс гуманитарлық апат туралы алаңдаушылық білдірмеді. Осы мәселенің айқын үлгісі Алеппоның солтүстігіндегі Нобль мен әз-Захра қалашықтарындағы гуманитарлық апат болды. Бұл қалашықтар толық қоршауда болды. Бірақ сол кезде де Батыс алаңдаушылық білдірген жоқ, атысты тоқтату бітімі немесе гуманитарлық көмектер жеткізу жайлы ұсыныс жасаған жоқ. Батыстың Алеппода гуманитарлық апаттың туындауы туралы жалған алаңдаушылығы мен атысты тоқтату бітімін орнату жайлы бірнеше рет ұсыныс жасауының негізгі себебі мынада:  Алеппоның шығыс бөлігінің азат етілуі Сирия армиясының бұл қаланы толық бақылауға алғанын, ал бұл өз кезегінде Сирияда соғыстың аяқтала бастағанын білдіреді.

Батыс елдері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің өткен дүйсенбі күні Алеппоның шығысында 7 күндік уақытша атысты тоқтату бітімін орнатуды дауысқа салып, Қытай мен Ресей оған вето жариялаған жағдайда Алеппоның шығысында атысты тоқтату бітімін орнату туралы қайта ұсыныс жасап отыр. Сирия армиясының шетелдік демеушілері осыған қатысты бір пікірді ұстануда: атысты тоқтату бітімін орнату туралы ұсыныстар тек уақыт ұтып, қоршаудағы лаңкестер үшін қайта күш жинауға мұрсат беру мақсатында жасалып отыр. Адам құқығы  мен гуманитарлық апатқа қатысты алаңдаушылық сылтаудан басқа ештеңе емес.

Сирия армиясының Алеппоның шығысындағы жеңістері мен Ирак армиясының Мосулдағы табыстары  лаңкестердің осы екі елде толық жеңіліс қарсаңында тұрғанын көрсетеді. Азаматтары лаңкестерге қосылу үшін Сирия мен Иракка аттанған елдер енді солардың елге қайтып оралуы мен одан туындайтын салдарларға дайын болуы керек.   

 

Тегтер