Түркияның премьер-министрі: Лаңкестіктің алдында тізе бүкпейміз
(last modified Mon, 02 Jan 2017 10:40:29 GMT )
Қаң 02, 2017 16:40 Asia/Almaty
  • Түркияның премьер-министрі: Лаңкестіктің алдында тізе бүкпейміз

Түркияның премьер-министрі Бинали Йылдырым: «Біз лаңкестікпен күресте табандымыз. Терроризмнің алдында тізе бүкпейміз»,- деп мәлімдеді.

ИРНА ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Бинали Йылдырым лаңкестікті адамзаттың ортақ індеті деп атап: «Лаңкестік арқылы мақсатқа жету мүмкін емес. Лаңкестіктің діні мен негізі жоқ. Бұл құбылыс қай жерде орын алса да айыпталады»,- деді.

Түркияның қауіпсіздік органдарының хабарлауынша, Стамбул қаласының Reina түнгі клубына лаңкестік шабуыл жасағандар ДАИШ және «Kataeb Turkestan» лаңкестік топтарының мүшелері болған.

Түркияның Отбасы істері және әлеуметтік саясат жөніндегі министрі Сама Рамазаноғлының мәлімдеуі бойынша, аталмыш шабуыл салдарынан қаза тапқандардың көпшілігі араб елдерінің азаматтары болып табылады. Соның ішінде жеті адам Сауд Арабиясының азаматы, Үндістанның екі азаматы, бір канадалық, бір сириялық, Тунистің екі азаматы, Ирактың  төрт азаматы, бір ливандық және бір белгиялық азамат болған.

Сенбі күні түнде екі қарулы азамат Стамбул қаласының түнгі клубтарының біріне баса- көктеп кіріп, клуб қонақтарына оқ жаудырған. Соның салдарынан отыз тоғыз адам қаза тауып, алпыс тоғыз адам жараланған. Соның ішінде төрт адам ауыр халде жатыр.