ДАИШ Сирияның шығысында ойсырай жеңілді
(last modified Fri, 10 Nov 2017 13:50:56 GMT )
Қар 10, 2017 19:50 Asia/Almaty
  • ДАИШ Сирияның шығысында ойсырай жеңілді

Сирия армиясы мен оның одақтас күштері ал-Букамал шекаралық қаласына кіріп, Сирияның шығысындағы ДАИШ лаңкестік тобының соңғы базасын азат етті. Лаңкестікпен күрес жолындағы бұл маңызды жетістік бір апта бұрын Дейр эз-Зор стратегиялық қаласын ДАИШ-тың қолынан азат еткеннен кейін орын алды.

Сирия армиясы мен Қарулы күштерінің бас штабы қарашаның үші күні Дейр эз-Зор қаласының ДАИШ-тың қолынан толығымен азат етілгенін растап, Сирияның басқа аймақтарын толығымен тазартқанға дейін армияның терроризммен соғысты жалғастыра беретінін қуаттады.

Ливанның Al-Mayadeen телеарнасы сәрсенбі күні кешке Сирия армиясының қарсыласу майданының қолдауымен  Дейр эз-Зордың оңтүстігінде орналасқан ДАИШ-тың соңғы базасы болған әл-Букамаль қаласын азат еткенін хабарлады.  Ирактың әл-Қаем қаласына жақын жерде орналасқан әл-Букамаль шекаралық қаласы Сирияның шығысындағы ДАИШ-тың жалғыз базасы болды. Ирактың әл-Анбар облысында орналасқан әл-Қаем қаласы мен оның айналасындағы елді мекендер де ағымдағы жылдың қарашаның үші күні ДАИШ лаңкестік тобының қолынан азат етілді. Сирия армиясы мен одақтас күштері әл-Букамаль қаласына кіргеннен кейін ирактық күштермен шекаралық аймақта кездесті.

Әл-Букамаль қаласын азат ету амалдары өткен дүйсенбі күні исламдық қарсыласу күштері мен Сирия армиясы тарапынан Ресейдің әуеден қолдау көрсетуімен басталды. 120 000 тұрғыны бар әл-Букамаль шекаралық қаласы  үш жылға жуық уақыт бойы ДАИШ лаңкестерінің қолында болды.  Сирия армиясы мен одақтас күштерінің Сирияның шығысында табыстарға жетуі ДАИШ-ты тек Дейр эз-Зор  мен Хомс облыстарындағы шөл далаларда шектеп тастады. ДАИШ-тың Сирияда жеңіліс табуы осы лаңкестік топты пайдаланып, Сирия мен аймақта өз мақсаттарын жүзеге асырғысы келген елдің дұшпандарының жеңіліс тапқанын білдіреді.

Сирия мен Иракта бір мезгілде ДАИШ жүйесінің құлауы мынадай маңызды стратегиялық жолдауға ие: Иран, Сирия, Ирак пен Ресейдің әріптестігі ДАИШ демеушілерінің аймақтағы қастандығын залалсыздандырды. Бұдан былай ешкім «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) деген халифат жайлы айтпайтын болады. Бұл жетістікке лаңкестікпен шынайы түрде күресудің нәтижесінде қол жетті. Мұнда ИИР айқын рөл атқарды. Осы аяда Ислам революциясы жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаяти сейсенбі күні Сирияда: «ИИР-ның Сирия мен Иракта қарсыласу қозғалысымен әріптестігінің нәтижесі ислам әлеміне қарсы дұшпандардың қастандықтарының жеңіліс табуына себеп болды»,-деп қуаттады. 

Әл-Букамаль шекаралық стратегиялық қаласын азат ету арқылы ДАИШ-қа атылған оқ Сирияда ойын ережесінің түбегейлі өзгергенін білдіреді. Енді Сауд Арабиясы, Израиль мен АҚШ Сирияда ДАИШ пен басқа да лаңкестік топтарды қолдау арқылы ойынның ережесін белгілей алмайды.  Сирия мен Иракта ДАИШ құбыжығының жойылуы екі ел халқының қырағылығының арқасында орын алды. Олар көптеген қиындықтар мен шығындарға қарамастан өз армиясының қасында табандылық танытып,  осы екі тәуелсіз ислам еліне дұшпандардың қастандықтарының орындалуына жол бермеді. Мұнымен қоса, қазір Сирия мен Иракта орнаған жағдай қарсыласу майданының лаңкестікке қарсы мықты бөгет екенін көрсетті. Сирияның әл-Букамаль қаласы мен Ирактың әл-Қаем қаласындағы ДАИШ-тың соңғы базасын азат ету осы аяда жүзеге асырылды. Ислам революциясы жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі айтқандай, қарсыласу майданы, яғни Иран, Ирак, Сирия, Ливан мен Ресей халықтың жанынан табылып отыр. 

 

Тегтер