Башар Асад: Аймақ пен әлемдегі өзгерістер Сирия саясаттарының дұрыстығын дәлелдеді
Сирия президенті Иран Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесуде: "Аймақтық және халықаралық өзгерістер Сирияға қарсы соғыс басталғаннан бергі Дамаск саясаттарының дұрыс болғанын дәлелдеп отыр",- деді.
ИРНА-ның мәліметі бойынша, Сирия президенті Башар Асад сәрсенбі күні кешке Иран Сыртқы істер министрінің Араб және Африка елдері істері жөніндегі орынбасары Хосейн Джабери Ансаримен Дамаскте өткен кездесуде: "Кейбір аймақ және Батыс елдері бұл апатты саясаттардың салдарын назарға алмастан, Таяу Шығыс аймағында бейберекеттік пен тынышсыздықты тарату арқылы өз мүдделерін қамтамасыз етуге талпыныс жасады.
Сирия әскері мен оның майдандағы одақтастарының жеңістері, Дамаск пен басында Иран тұрған оның жақтастарының саяси саладағы ұстанымдары лаңкестік топтарды үсті-үстіне жалғасқан жеңілістерге ұшыратып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық заңдар мен елдердің өз егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау құқығын нығайтып, шетелдік араласушылықтардың алдын алуға себеп болды.
Сирияның табандылығы мен оның лаңкестікпен күрестегі жалғасқан жеңістері және бұл елдің барлық аймақтары мен қалаларында қауіпсіздікті қайта орнату тек Сирия халқының жеңісі ғана емес, Иран халқы мен өз елі мен тәуелсіздігін қорғау құқығына сенетін барша халықтардың жеңісі саналады",- деді.