Ердоған: Үстемшіл елдердің мақсаты – ислам елдерін билеп-төстеу
(last modified Tue, 26 Dec 2017 09:57:34 GMT )
Жел 26, 2017 15:57 Asia/Almaty
  • Ердоған: Үстемшіл елдердің мақсаты – ислам елдерін билеп-төстеу

Түркия Президенті үстемшіл елдердің ислам елдеріне қарсы қастандықтарына тоқталып, бұл елдерді жіктеудің мақсатын ислам елдерінде билік орнату деп атады.

Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Суданға сапар шеккен Реджеп Тайып Ердоған дүйсенбі күні Хартум университетінде үстемшіл мемлекеттердің ислам елдерін әлсірету мақсатына сілтеме жасап: "Бұл үкіметтер жіктеу, санкция салу және қайшылықтар тудыру арқылы ислам елдерін әлсіретіп, билеп-төстемек",- деді.

Түркия Президенті АҚШ-тың Суданға қарсы санкцияларын сынап: "Санкциялар Судан халқы үшін көптеген қиындық тудырып, бұл елдің дамуына тосқауыл жасады. АҚШ-тың Суданға қарсы санкциялары зұлымдық әрекет. Бірақ залымдар өз әрекеттерінің сазайын тартады",- деп қуаттады. Түркия Президенті Палестина мәселесі туралы да: "Біз Құдсқа қатысты ұстанымымыздан артқа шегінбейміз. Палестина халқы Израильдің лаңкестік әрекеттеріне бағынбайды. Ислам мемлекеттері сыртқы қысымдардың ықпалына түсіп, бір-бірімен қақтығыспауы керек",- деп баса айтты.